Оңтүстік Кореяның экс-президенті Юн Сок Ёльге билікті теріс пайдалану және Корей түбегінде әскери қақтығыс туғызуға талпыныс жасады деген күдік келтірілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратураның дерегінше, 2024 жылдың қазан айында Юн Сок Ёльдің нұсқауымен оңтүстіккореялық әскерилер КХДР аумағына үгіт қағаздары бар дрондар ұшырған. Тергеушілер мұны Пхеньянның қарсы әрекетін арандату және елде әскери жағдай енгізуге сылтау жасау әрекеті деп бағалап отыр.
Тергеу кезінде жоғары лауазымды әскери қызметкердің телефонынан «КХДР-ға қарсы арандату шаралары» туралы хат алмасулар табылды. Онда дрондар мен нысаналы соққыларды қолдану жайы талқыланған.
Юн Сок Ёль айыптауларды жоққа шығарып, мұны саяси қысым деп атады. Ол әскери жағдай демократияны қорғау және оппозицияның заңсыз әрекеттеріне назар аударту үшін қажет болғанын айтқан.
Алайда прокуратура оның әрекеттері ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіргенін мәлімдеді. 2024 жылдың соңында Юн Сок Ёль елде әскери жағдай енгізуге талпынып, жаппай наразылықтан кейін импичментке ұшыраған болатын.
Кінәсі дәлелденсе, бұрынғы президент өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін.