АҚШ-та үкіметтің уақытша жабылуы – шатдаун – көлік және авиация саласын тұралатып қойды. Қаржы бөлудің тоқтауынан 1 қазаннан бері 15 мыңнан астам әуе диспетчері мен көлік қауіпсіздігі қызметкері айлықсыз қалды. Көпшілігі наразылық ретінде жұмысқа шықпай қойған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Мамандардың жетіспеушілігінен 6 мыңнан астам рейс кешігіп, шамамен 2 мың рейс мүлде тоқтады. Әуежайларда кезек көбейіп, ұшулардың кестесі бұзылды.
Блумберг агенттігінің мәліметінше, АҚШ президенті Дональд Трамп жұмысына шықпаған әуе диспетчерлеріне айыппұл салуды тапсырған. Ал қызметін жалғастырып отырғандарға 10 мың доллар көлемінде сыйақы берілетінін айтқан. Ақ үй басшысы мұндай шешімнің мақсат — елдің көлік қауіпсіздігін сақтау екенін мәлімдеді.
Еске салайық, кеше АҚШ Сенаты шатдаунды уақытша тоқтату туралы заң жобасын қабылдады. Құжатты 60 сенатор қолдап, 40-ы қарсы шыққан. Енді заң жобасы Өкілдер палатасына жіберіліп, одан соң президенттің қол қоюына беріледі. Үкіметті уақытша қаржыландыру 30 қаңтарға дейін жалғасады, алайда толық бюджет қабылданғанша үдеріс бірнеше күнге созылуы мүмкін.