homepage
Фото: assembly.kz

Қазақстан Ресей үшін неліктен маңызды сауда серіктесі?

11.11.2025, 10:40

Ресей Қазақстаннан техника мен косметика өнімдерін күрт көбірек сатып ала бастаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Биыл 11–12 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейге мемлекеттік сапармен барады. Ол Владимир Путинмен келіссөз жүргізіп, Оралда өтетін XXI Қазақстан–Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық сессиясына қатысады. Сапар аясында бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою жоспарланды.

Ал экономикалық байланыстар биыл бәсеңдеп келеді. 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында екі ел арасындағы тауар айналымы $17 млрд құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға төмендеді. Биылғы бірінші тоқсанда да көрсеткіш 8,5%-ға азайған болатын.

Қазақстаннан Ресейге экспорт көлемі 4,5%-ға қысқарып, 19,3 млн тоннаға жетті. Ақшалай мәнде ол 15,4%-ға төмендеп, $5,2 млрд болды. Ресейге аз көлемде руда мен концентрат (-1,5 есе), уран (-28%) және локомотив бөлшектері (-18,7%) жөнелтілді.

Сонымен қатар кей тауарлар бойынша керісінше өсім байқалады. Мысалы, Ресейге экспортталған парфюмерия, косметика және шаш күтіміне арналған өнімдер көлемі 4,3 есе артқан – 5,4 мың тоннаға дейін. Ал компьютерлер, ноутбуктер мен смартфондар экспорты 2,8 есе өсіп, 1,7 млн данаға жеткен. Сондай-ақ, жаңа піскен көкөніс пен жеміс-жидек экспорты 1,6 есе артып, 290,9 мың тонна болды.

Импорт көлемі де өзгерді. Ресейден келетін тауар көлемі 19,7%-ға азайып (13,3 млн тонна), ақшалай түрде $11,7 млрд деңгейінде сақталған (-0,6%). Қазақстанға ағаш және ағаш бұйымдары (-5%), вагон мен локомотив (-21,6%), сондай-ақ электроэнергия (-1,2%) аз жеткізілді. Кондитерлік өнімдер мен шоколад импорты да 8,4%-ға төмендеді.

Есесіне, газ бен мұнай өнімдерінің импорты 23,3%-ға өсіп, 862,8 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ, Ресейден әкелінетін киім (+15,8%), ұшақ (+1,5 есе), төсек жабдықтары (+7 есе) және қант (+25,4%) көлемі артты.

LS мәліметінше, Ресей тарапы қазақстандық тасымалдаушылар үшін бұрынғы — 180 күндік мерзімді қайта енгізу мүмкіндігін қарастыруға уәде берді.