Зүлфия Сүлейменова Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде ерекше тапсырмалар жөніндегі елші болып тағайындалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бұған дейін ол Президенттің кеңесшісі және халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі қызметін атқарды.
Сүлейменова – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, халықаралық қатынастар мамандығы бойынша магистр дәрежесіне ие. Сондай-ақ Жапониядағы Мемлекеттік саясат институтының (GRIPS) докторантурасында білім алған.
Ол 2013 жылдан бері халықаралық саясат пен экология саласында еңбек етіп келеді. Сүлейменова бұрын ҚСЗИ-дің ғылыми қызметкері, сондай-ақ БҰҰ құрылымдарында – Таиландта, Қазақстанда және Түрікменстанда жұмыс істеді. Кейін Экология министрлігінде климат саясаты бағытында қызмет атқарды.
2021–2022 жылдары Мәжіліс депутаты болды, одан кейін вице-министр, кейін Экология министрі лауазымдарын атқарды. 2023 жылы Мемлекет басшысының кеңесшісі әрі халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалған еді. Биыл 25 қыркүйекте ол бұл қызметтен босатылды.