homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда тұмау мен вирустық инфекциялар көбейді

11.11.2025, 10:03

Елде жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау жұқтырғандар саны артты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, соңғы аптада 150,6 мыңнан астам адам ЖРВИ жұқтырған. Бұл көрсеткіш өткен маусымдағы деңгейден 5,8%-ға жоғары. Мамандар мұны маусымдық құбылыс деп түсіндіреді — күз бен қыста инфекциялар жиі тарайды.

Қазір елде бірқатар вирустар белсенді. Тұмаудың A(H3N2) штаммы басым, сонымен қатар риновирустар, бокавирустар, респираторно-синцитиалды (RSV), аденовирус және парагрипп вирустары анықталған. Бұдан бөлек, COVID-19 вирусының XFG деп аталатын Omicron түрі де тарауда. Бұл штамм тез жұғады, бірақ әдетте жеңіл өтеді.

Министрлік мәліметінше, XFG жұқтырғандарда жөтел, тамақтың ауырсынуы, дауыстың қарлығуы, мұрыннан су ағу, бас ауруы мен әлсіздік байқалады. Балалар арасында ішек вирусы сирек кездесіп отыр — 14 жасқа дейінгі топта ауру көрсеткіші 4%-ға азайған.

Ауруханаға жатқызылғандар саны мен ауыр жағдайлар өткен жылмен салыстырғанда азайған. Министрлік мұны эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтылығымен және алдын алу шараларының тиімділігімен байланыстырады.

Алдағы айларда елде үш тұмау штаммының — A(H1N1), A(H3N2) және B — белсенді болуы күтіледі. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Солтүстік жарты шарға арналған болжамымен сәйкес келеді.

Мамандар тәуекел тобына кіретін азаматтарға — қарттарға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар адамдарға — екпе салдыруды және вирустардың алғашқы белгілері байқалғанда дәрігерге жүгінуді ұсынады.