homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда мобильді аударымдарға жаңа бақылау: 2026 жылдан бастап әр теңге есепке алынады

10.11.2025, 17:23

Келер жылдың 1 қаңтарынан бастап қазақстандықтардың мобильді аударымдары жаңа ережемен бақыланатын болады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Бұл тәртіп Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер бірлесіп әзірлеген жаңа тетікке негізделеді.

Құжатқа сәйкес, егер жеке тұлға қатарынан үш ай бойы 100 және одан көп түрлі адамнан аударым алып, олардың жалпы сомасы ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен асып кетсе, банк бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетіне ақпарат жібереді.

Комитеттің мәліметінше, бұл жүйе жеке және кәсіпкерлік операцияларды нақты ажыратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тұрмыстық сипаттағы аударымдарға бақылау қысқарып, көлеңкелі айналым азаяды, тіркелген кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар үшін тең салықтық жағдай қалыптасады. Осылайша, бюджетке түсетін кірістер де артады, өйткені бұрын тіркелмей жүрген қызмет түрлері заңды айналымға енгізіледі.

Жаңа механизм кәсіпкерлікке қатысы жоқ ақпараттарды өңдеу жүктемесін азайтады, деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті.

2025 жылдың соңына дейін қазіргі №323 бұйрық өз күшінде қалады. Ол мобильді аударымдардың кәсіпкерлік қызметке жатқызылу критерийлерін айқындайды. Бұл талаптар Салық кодексінде емес, Қаржы министрлігінің бұйрығымен және Ұлттық банк келісімімен реттеледі.

Бақылау жеке тұлғалардың жеке шоттарына түсетін аударымдарға жүргізіледі, егер үш ай қатарынан 100 және одан көп түрлі тұлғадан қаражат түссе. Мысалы: тамызда — 101 адамнан, қыркүйекте — 130 адамнан, қазан айында — 100 адамнан түссе, мониторинг автоматты түрде іске қосылады. Бақылау теңгемен де, шетел валютасымен де жүргізіледі.

Егер кәсіпкерлік белгілері анықталса, камералдық бақылау жүргізіліп, азаматқа 30 жұмыс күні ішінде орындауға тиісті хабарлама жіберіледі. Келісім болса — салық есебіне тұру керек, ал келіспесе — түсіндірме хат жолдау қажет.

Ал қайырымдылық мақсатындағы аударымдар ерікті қызмет түрі ретінде қарастырылады және салық салынбайды. Бірақ егер үш ай ішінде 100 және одан көп адамнан қаражат түссе, банк операцияны бақылауға алуы мүмкін. Мұндай жағдайда адам қор келісімін немесе жиналған қаражат туралы есепті ұсынуға тиіс.