homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Салық реформасын кейінге қалдыруға болмайды — Жұманғарин

10.11.2025, 16:32

Салық жүйесін жаңарту мен тарифтік реформаны енді созуға болмайды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы (ТКШ) саласындағы және тарифтік реформа өзара тығыз байланысты.
«ТКШ реформасын екі жолмен жүргізуге болатын еді: не бюджет есебінен — бірақ мұндай мүмкіндік жоқ, не Ұлттық қордың қаражаты есебінен — ол да шектеулі. Сондықтан жалғыз шынайы жол — тарифтік тетік. Бұл табиғи монополиялар субъектілеріне инвестиция тарта алатындай табыс нормасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл тәсіл банктер үшін де тартымды, себебі несие мөлшерлемесі жоғары», — деді вице-премьер.

Ол атап өткендей, салық реформасын да кейінге қалдыру мүмкін емес.
«Ашық айтқанда, оны жүзеге асыруға арналған “мүмкіндік терезесі” — келер жыл. Егер оны қазір өткізбесек, 2027 жылы жоспарланған басқа саяси өзгерістермен қатар жүргізу өте қиын болады», — деді Жұманғарин.

Вице-премьердің айтуынша, басты мақсат — фискалдық шоғырлану, яғни бюджеттің табыс бөлігін тұрақтандыру.
«Біз ұзақ жылдар бойы салықтық ауыртпалықты азайтып келеміз: 1995–2001 жылдары қосылған құн салығы 20% болса, 2009 жылы 13%-ға дейін төмендеді. Корпоративтік табыс салығы 30%-дан 20%-ға дейін түсті. Жалпы салық жүктемесі шамамен 16%-ға дейін азайды, ал қазіргі кезде бюджет кірісіндегі салық түсімі 20% шамасында. Салыстыру үшін, 2006 жылы бұл көрсеткіш 28%, ал дағдарысты 2008–2009 жылдары 18% болған», — деді ол.

Жұманғарин салық түсімдерінің маңызын атап өтті:

«Салықтық қамтамасыз ету — бұл мемлекеттің өз қарыздарын өтеу, әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру, өңірлерді дамыту, жол мен көпір салу, мұғалімдер мен басқа да бюджет қызметкерлеріне жалақы төлеу мүмкіндігі. Соңғы жылдары бұл мүмкіндік күрт азайды, нәтижесінде Ұлттық қордан кемінде 5 трлн теңге алынуға мәжбүр болдық», — деді ол.

Оның пікірінше, салық реформасы елдің қаржылық тәуелсіздігін нығайтып, бюджеттің тұрақтылығын қамтамасыз етудің басты тетігіне айналуы тиіс.