Қазақстан экономикасында биыл өнеркәсіп өндірісі 7,3 пайызға артты, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Бұл туралы Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мәлім етті.
Оның айтуынша, өткен жылы өңдеуші өнеркәсіп алғаш рет тау-кен саласынан озып, ішкі жалпы өнімдегі үлесі 12,4 пайызды құраған. Ал биыл кен өндіру көлемінің өсуіне байланысты өңдеу секторы қайтадан артта қалды.
«Тау-кен өнеркәсібі биыл айтарлықтай көлем қосып отыр, сондықтан өңдеу саласы бұл көрсеткішті қайта басып озбайды. Дегенмен келесі жылы кен өндірудің өсу қарқыны бәсеңдеуі мүмкін», — деді Жұманғарин.
Ол сондай-ақ ел экономикасының жалпы жағдайына тоқталып өтті: биыл Қазақстан алғаш рет ішкі жалпы өнім бойынша 300 млрд доллар межесін еңсеруі мүмкін.
«Бұл — тарихи көрсеткіш. Сонымен қатар, жан басына шаққандағы ІЖӨ 15 мың доллардан асады деп күтілуде», — деді ол.
Вице-премьердің айтуынша, өнеркәсіппен қатар қызмет көрсету секторында да серпін байқалады.
Құрылыс көлемі 17 пайызға артқан (жыл соңына дейін 15 пайыз деп болжанып отыр), көлік тасымалы — 21–22 пайызға, сауда айналымы — 8,8 пайызға өскен.
Жұманғарин Қазақстан экономикасының өсуі ең алдымен әлеуметтік шығындар мен инвестициялардың артуына байланысты екенін атап өтті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5 пайызға өсіп, 13,8 трлн теңгеге жетті.
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.