homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Бизнес депозиттері 19,2 трлн теңгеге жетті

10.11.2025, 13:06

Қазақстан банктеріндегі бизнес депозиттері 19,2 трлн теңгеге жетіп, бір айда 3,3%-ға, ал жыл ішінде 17,9%-ға артқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz ranking.kz дерегіне сүйеніп.

Корпоративтік салымдардың 87%-дан астамы елдегі он ірі банктің еншісінде. Бизнес депозиттерінің үлесі жалпы банк салымдарының 42,1%-ын құрады — бұл көрсеткіш соңғы үш жыл бойы 41–43% деңгейінде сақталып келеді.

Ірі банктер ішінде айлық өсім бойынша абсолютті көшбасшы — Bank RBK. Банк депозиттері бір айда 12,5%-ға артып, 956,2 млрд теңгеге жетті. Салыстыру үшін: үздік ондықтағы банктердің орташа өсімі небәрі 2,9%. Жылдық көрсеткіш бойынша да RBK алда: плюс 41,7%, ал топ-10 банктің орташа өсімі 16,1%. Бұл үрдіс кәсіпкерлердің банкке деген сенімі тұрақты түрде артып келе жатқанын көрсетеді.

Bank RBK-дағы жеке тұлғалардың депозиттері жыл ішінде 12,4%-ға өсіп, 608 млрд теңгеге жеткен. Ал жалпы депозиттік портфель — яғни, бөлшек және корпоративтік сектордағы салымдардың жиынтығы — 28,7%-ға ұлғайып, 1,6 трлн теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш те нарықтағы ең жоғары өсімдердің бірі саналады.

Айлық өсім бойынша екінші орында — ForteBank (плюс 11,2%, жылдық өсім — 23,1%),
үшінші орында — Citibank Kazakhstan (айлық өсім 7,9%, бірақ жылдық көрсеткіш минус 5,8%).
Топ-5 қатарында сондай-ақ Alatau City Bank (плюс 7,3%) және Halyk Bank (плюс 5,7%) бар. Жалпы, үздік он банктің жетеуінде ғана өсім тіркелген.

Бизнес депозиттеріне ағымдағы, мерзімді және жинақ салымдары, сондай-ақ заңмен реттелген шартты депозиттер (мысалы, жер қойнауын пайдаланушылардың арнайы шоттары) кіреді.
Кейбір банктер қысқа мерзімді ерекше өнімдерді де ұсынады. Мысалы, «овернайт» — тәуліктік депозит түрі, кәсіпкерлерге ақшаны бір күнге орналастырып, табыс табуға мүмкіндік береді. 

Juzmedia

«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.