homepage
Фото: gov.kz

Еуропа Қазақстан экспортының басты бағыты және ең ірі инвесторы

10.11.2025, 12:41

2025 жылы Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толып отыр. Осы аралықта Еуропа Қазақстан экономикасының ең ірі сауда және инвестициялық серіктесіне айналды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Биылғы қаңтар–тамыз айларында Еуропалық одақтың Қазақстан экспорты құрылымындағы үлесі 44,8 пайызды құрады. Бұл — барлық экспорттың жартысына жуығы. Еуропа елдері Қазақстаннан негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін, түсті металдар, бидай және балық өнімдерін сатып алады. Ал еліміз Еуропадан техника, электроника, косметика және құрылыс материалдарын импорттайды.

Импорттағы Еуропаның үлесі 15,9 пайыз ғана, бұл көрсеткіш бойынша ол Азиядан кейін екінші орында. 2025 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы өзара сауда айналымы 28,9 миллиард долларды құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға аз. Сауда көлемінің төмендеуі 2025 жылдың бірінші жартысында мұнай бағасының төмендеуімен байланысты.

Дегенмен соңғы жылдары жалпы динамика оң бағытта: 2021 жылдан бері сауда көлемі тұрақты өсіп, 2024 жылы рекордтық 48,8 миллиард долларға жеткен.

Қазақстан өнімдерінің негізгі еуропалық сатып алушылары — Италия, Нидерланд және Франция. Осы үш елге экспорттың басым бөлігі бағытталған. Мәселен, Италияға биыл сегіз айда 10,6 миллиард доллардың өнімі жөнелтілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға аз. Нидерландқа — 3,8 миллиард доллар, Францияға — 2 миллиард доллар экспортталған. Сондай-ақ Румыния, Грекия, Испания және Германия Қазақстанның маңызды сауда серіктестері саналады.

Еуропа елдері Қазақстан экономикасына ең көп инвестиция салатын аймақ болып қала береді. Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы жартысында Қазақстанға түскен тікелей шетелдік инвестициялардың 48,4 пайызы — Еуропадан келген қаржы. Бұл үлес соңғы бірнеше жыл бойы тұрақты түрде жоғары деңгейде сақталып келеді.

Биылғы алты айда елге түскен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 29,4 пайызға азайып, 7 миллиард долларды құрады. Дегенмен Нидерланд әлі де ең ірі инвестор болып отыр — 2025 жылдың бірінші жартысында бұл елден 2,3 миллиард доллар инвестиция тартылды. Сондай-ақ Бельгия, Франция, Ұлыбритания, Германия, Швейцария және Люксембург те белсенді инвесторлардың қатарында.

Қазақстандық компаниялар да Еуропаға қаржы салып отыр. 2019 жылдан бері еуропалық экономикаға қазақстандық инвестициялар көлемі 7,1 миллиард доллардан асқан. Оның ішінде 4,1 миллиард доллар — Нидерланд экономикасына, 498,4 миллион доллар — Ұлыбританияға, 421,1 миллион доллар — Германия кәсіпорындарына бағытталған.

Мамандардың айтуынша, Еуропа Қазақстан үшін тек ірі нарық қана емес, сонымен қатар технология, капитал және жоғары өндірістік стандарттар көзі болып қала береді.