Қазақстанда банктік картасы бар барлық азаматтарға есепшоттағы қалдық ақша үшін сыйақы төлеу тетігі қайта енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды Juzmedia.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.
Мұндай бастама банктік жүйеде қолма-қол ақшасыз төлемдерді ынталандыру және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында қолға алынуда. Бұл тәжірибе бұрын Қазақстанда болған, кейін 2018 жылы реттеу ережелеріндегі өзгерістерге байланысты тоқтатылған.
Банк сарапшысы Алия Наубаеваның айтуынша, көптеген мемлекеттерде банктер клиенттің ағымдағы шотындағы қаражатқа аз да болса пайыздық сыйақы төлейді.
«Бұл халықаралық тәжірибеде бар жүйе. Банктегі қалдық қаражатқа пайыз есептеу банктердің өтімділігін арттырып, клиенттерді картамен белсенді пайдалануға ынталандырады. Қазақстанда да бұл қайта іске қосылуы мүмкін», — дейді маман.
Оның айтуынша, сыйақы мөлшерлемесі банктер арасында әртүрлі болады. Әдетте жылдық 3–7 пайыз аралығында, кей жағдайда 10 пайызға дейін жетуі ықтимал. Сыйақы ай сайын картадағы орташа қалдық бойынша есептеледі.
Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі бұл бастаманы қолдайтынын мәлімдеді. Қазір тиісті нормативтік құжаттар дайындалып жатыр. Егер ереже бекітілсе, қазақстандықтар карталарындағы қаражат үшін 2026 жылдан бастап табыс ала бастайды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл шара азаматтардың жинақ жасауға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, көлеңкелі айналымдағы ақшаны азайтуға да әсер етеді. Сонымен қатар, банктер үшін клиенттерді ұстап қалудың жаңа тетігіне айналмақ.