homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан үш мұхитқа шығатын жаңа сауда дәлізін дамытып жатыр

10.11.2025, 11:30

Қазақстан ішкі экономиканы нығайтудың басты жолы ретінде экспорт көлемін арттыруға басымдық беріп отыр. Ешбір мұхитпен тікелей шектеспейтін ел бүгінде халықаралық сауда дәліздері арқылы бірден үш мұхитқа – Атлант, Тынық және енді Үнді мұхитына шығуға мүмкіндік алды, деп хабарлайды Juzmedia.kz 24.kz-ке  сілтеме жасап.

Қазір отандық тауарлар АҚШ-қа дейін жеткізіліп жатыр. Бұл бағытта Еуропа елдерінің порттары пайдаланылады, ал оған дейінгі жүкті теміржол тасымалы қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта Қазақстан Үнді мұхитына шығатын жаңа дәліз ашады. Әлемде теңізге тікелей шыға алмайтын 40-қа жуық ел бар, солардың ішінде ең ірісі – Қазақстан. Соған қарамастан ел халықаралық дәліздер арқылы өз өнімін әлемдік нарыққа шығарып отыр.

Құрылысы қарқын алған теміржол бағыттарының бірі Қытайдың Ляньюньган портына дейін жетіп, әрі қарай Тынық мұхитына жол ашады. Ал Қытай қазақ жері арқылы Каспий мен Қара теңізге қатынай алады.


ҚР Көлік министрлігі Көлік саясаты департаменті директорының орынбасары Мирас Қуантайдың айтуынша, Транскаспий бағыты да белсенді дамып келеді:

«Біз Қытайдағы Ляньюньганнан бөлек Сиань терминалын аштық. Осы бағыт арқылы жүктерді өз аумағымыздан өткізіп, Әзербайжан арқылы Қара теңізге, одан әрі ашық мұхитқа шығарып отырмыз», — деді ол.

Бүгінде Қазақстан 200-ден астам мемлекетпен сауда жасайды. Соның 127-сіне өз өнімін экспорттайды. Былтыр шетелге сатылған тауар көлемі 82 миллиард долларға жеткен. Негізгі бөлігі – шикізат, бірақ соңғы жылдары өңделген және ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұраныс арта бастады.

QAZTRADE Сауда саясатын дамыту орталығының бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатырдың айтуынша, АҚШ-пен сауда айналымы 4,2 миллиард долларға жеткен. Оның ішінде 2 миллиард доллары – қазақстандық өнімдер.

«АҚШ-қа өнім жеткізу үшін мұхит асу қажет. Сондықтан біз Еуропа мен Қара теңіз порттары арқылы ең тиімді бағыттарды таңдап отырмыз. Соңғы жылдары Орта дәліздің белсенді қолданылып келе жатқаны соның дәлелі», — деді ол.

Маңызды бағыттардың бірі – Солтүстік–Оңтүстік дәлізі. Бұл жол Ресейден басталып, Қазақстан мен Оңтүстік Азияны жалғап, Иранның Бендер-Аббас портына, ал одан әрі Үнді мұхитына шығарады.
Қазір Беларусь, Ресей, Қазақстан және Пәкістан арқылы өтетін жаңа дәліз жобасы пысықталуда.

Қазақстан құрлықтың қақ ортасында орналасқанына қарамастан, үш мұхит арқылы сауда жүргізіп отыр. Бұл тәжірибе көршілес мемлекеттердің де қызығушылығын тудырды. Алдағы бес жылда Ақтау мен Құрық порттарының өткізу қабілеті шамамен екі есеге артпақ.