Қаржы мониторингі агенттігі «СПК Қызылорда Балық» ЖШС басшылығына қатысты тергеуді аяқтады. 2022 жылы кәсіпорынның лауазымды тұлғалары кеден органдарына жалған мәліметтер ұсынып, жалпы салмағы 75 тоннадан асатын көксерке етін Еуропалық одақ елдеріне заңсыз экспорттаған. Экспортталған өнімнің жалпы құны — 254 миллион теңге, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Балық өнімдерінің заңды шығу тегін растау үшін кәсіпорын шын мәнінде балық өсіру немесе ұстау қызметімен айналыспаған жеке тұлғалар мен шаруашылықтардан өнім сатып алынғаны туралы жалған құжаттар рәсімдеген.
Сот үкімімен кәсіпорынның құрылтайшысы А. Ерхатов пен директоры Л. Қайыпназарова кінәлі деп танылып, екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Мемлекет пайдасына 254 миллион теңге көлеміндегі заңсыз табыс өндірілді.