Қарағанды облысының Актөбе ауданында археологтар 2,5 мың жылдан астам уақыт бойы бұзылмаған сақ дәуіріне тиесілі қабір тапты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің археологиялық экспедициясы Қарабие қорымында жүргізілген қазба жұмыстары кезінде ерте сақ кезеңіне жататын, тұтас күйінде сақталған бейітті анықтады. Қабірдің үсті тастан қаланған қақпақтармен жабылған, астынан арқасымен жатқан ер адамның сүйегі табылды.
Археологтардың айтуынша, марқұмның басы солтүстік-батысқа бағытталды. Оның жанынан қос жүзді металл қылыш — акинак, бес мыс жебе ұшы және алтын сырға табылды. Акинактың тұтқасында арыстан мен қанатты құстың бейнесі бар, бұл сақ дәуіріндегі металл өңдеу мен зергерлік өнердің жоғары деңгейін көрсетеді.
Ғалымдар бұл қабірді б.з.д. VII–VI ғасырларға жатқызады. Табылған заттар алдағы уақытта металлографиялық, радиокөміртекті және антропологиялық зерттеулерге жіберіледі.
Зерттеушілердің пікірінше, бұл олжа Қазақстан аумағындағы сақ мәдениетінің дамығанын дәлелдейді және өңірдің тарихи мұрасын зерттеуге жаңа мүмкіндік береді.