homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан әлемдік авиация стандарттарында көш бастады

09.11.2025, 10:23

Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) 2025 жылдың 30 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында Қазақстанда жүргізілген кешенді аудиттің нәтижесін жариялады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тексеру қорытындысына сәйкес, Қазақстанның ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестік деңгейі 95,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш әлемдік орташа деңгейден (72,01%) және Еуропа елдерінің орташа нәтижесінен (87,92%) әлдеқайда жоғары. Бұған дейін елдің сәйкестік деңгейі 83 пайыз болған, яғни республика өз нәтижесін 12 пайыздан астамға жақсартты.

ИКАО дерегінше, Қазақстан ТМД мен Еуразиялық аймақ елдерінің басым бөлігін артта қалдырды. Мәселен, Әзербайжанда — 74,66 %, Өзбекстанда — 85,47 %, Қырғызстанда — 85,76 %, Грузияда — 89,75 %, Беларусьте — 91,85 %, Ресейде — 94,14 %. Ал БАӘ (98,4 %), Катар (96,72 %) және Сауд Арабиясы (94,41 %) секілді елдер Қазақстанмен шамалас нәтижелер көрсетті.

Көлік министрлігінің мәліметінше, мұндай жоғары көрсеткіш 2019 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан реформалардың жемісі. Олардың қатарында Авиациялық әкімшіліктің құрылуы, мамандардың біліктілігін арттыру және тәуекелге негізделген бақылау жүйесін енгізу бар.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жетістік халықаралық әуе компанияларының сенімін арттырып, АҚШ бағыты бойынша тікелей әуе рейстерін ашуға жол ашады. Қазір Қазақстан Нью-Йоркке тікелей ұшу бағытын іске қосу бағытында келіссөздер жүргізіп жатыр.