homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Ұлттық банк басшысы базалық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін екенін мәлімдеді

08.11.2025, 15:19

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені ұзақ мерзімді тұрақтылыққа сай қайта қарау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Біздің жоғары базалық мөлшерлемені ұстап тұруымыз ешкімге тиімді емес. Қазір басты мақсат — қысқа мерзімді нәтиже емес, экономиканың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету», — деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, келесі жылы базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігі бар. Ол бұл шешім салық-бюджет саясатының күшеюіне байланысты қарастырылатынын жеткізді.

«Егер фискалдық саясат қатаңдай түссе, Ұлттық банк монетарлық саясатты жеңілдетуі қажет. Әйтпесе, жалпы ішкі өнімнің төмендеу қаупі бар», — деді Сүлейменов.

Қазіргі уақытта базалық мөлшерлеме 18 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Ол несиелер мен депозиттердің пайыздық мөлшерлемесіне, сондай-ақ инфляция мен валюта бағамына тікелей әсер етеді.