Соңғы бір жылда елдегі азық-түлік тауарларының көтерме бағасы 4,3%-ға өскен, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың қазанына дейін қазақстандық өнімдердің көтерме бағасы 3,9%-ға, ТМД елдерінен әкелінетін тауарлар 7,3%-ға, басқа елдерден импортталатын өнімдер 2%-ға қымбаттады.
Бағаның ең жоғары өсімі Абай облысында (+10,3%), Алматы облысында (+12,8%) және Батыс Қазақстан облысында (+13,4%) тіркелді. Ал Атырау облысында керісінше, көтерме бағалар 1,1%-ға төмендеді.
Ең көп қымбаттаған өнімдер қатарында жаңа піскен көкөністер (картоптан басқа) бар — олардың бағасы 38,8%-ға өскен. Сонымен қатар, ет (+28,6%), кофе мен оның алмастырғыштары (+26,4%), ет өнімдері (+20,7%), балық (+19,7%), өсімдік майы (+18,4%), сары май (+19,7%) және жаңғақтар (+148,3%) айтарлықтай қымбаттады.
Бұған қоса, дәмдеуіштердің көтерме бағасы 17,6%-ға, қант, шоколад және кондитерлік өнімдер 12,5%-ға, құс еті 9%-ға, жаңа піскен жемістер 7,2%-ға, ұн 6,5%-ға, сусындар 5,6%-ға өсті.
Ал картоп бағасы керісінше, 28,4%-ға арзандады.