Қыркүйекте зейнетақы жинағын стоматологиялық қызметтерге пайдалану тоқтатылған соң, мыңдаған қазақстандық тіс емдету мүмкіндігінен айырылды. Ең өкініштісі – бұл шектеу миллиардтарды жалған клиникалар арқылы айналдырған алаяқтарға емес, бағдарламаны шын мәнінде қажет еткен қарапайым адамдарға ауыр соқты деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Ақ Жайық» басылымы БЖЗҚ, Денсаулық сақтау министрлігі, «Отбасы банк», Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті және Ұлттық статистика бюросына ресми сауал жолдап, бағдарламаның нақты қалай жұмыс істегенін, қаржының қайда кеткенін және неге адал азаматтар зардап шеккенін анықтады.
Сурет айқын: тіс емдеуге 932 миллиард теңге бөлінгенімен, күзге қарай бағдарлама тоқтатылды. Ал жауапкершілік әділ пайдаланушылардың мойнына артылды.
Миллиардтар қайда кетті?
БЖЗҚ мәліметінше, 2021–2025 жылдары 553 мың адамнан 1 миллионнан астам өтініш қабылданып, жалпы сомасы 932,1 миллиард теңге төленген. Стоматологиялық қызметке қаражат пайдаланғандардың орташа жинағы — 4,7 миллион теңге.
Негізінен 40–59 жастағы азаматтар (255,8 мың адам) мен 20–39 жас аралығындағы тұрғындар (222,7 мың адам) белсенді болған. Ал 60 жастан асқандардың саны — 94,5 мың. Бұл – кәсіпкерлер немесе ауқатты топ емес, қарапайым еңбек адамдары: мұғалімдер, дәрігерлер, құрылысшылар, вахташылар. Көпшілігі үшін бұл тіс емдетудің, протез салудың немесе балаларға брекет орнатудың жалғыз мүмкіндігі еді.
Атырау облысы өтініш саны бойынша үздік үштікке енген:
Алматы — 161 692 өтініш (15,8%),
Атырау — 138 096 (13,5%),
Маңғыстау — 128 288 (12,5%).
Жалған клиникалар
Қаржы мониторингі агенттігінің дерегінше, ел бойынша 30-дан астам жалған стоматологиялық клиника арқылы 200 миллиард теңгеден астам зейнетақы қаражаты заңсыз шығарылған. Олардың біразы Атырауда тіркелген.
Жалған жолдамалар, қолдан келісімдер мен “қағаз жүзіндегі ем” схемасы арқылы ақша қолма-қол айналымға кетіп отырған. “Пациенттерге” 10–15 пайыз сыйақы берілгенімен, негізгі табыс ұйымдастырушылардың қалтасына түскен.
Дәл сол адамдар “бұл – біздің ақшамыз, қалай жұмсасақ та өз еркіміз” деп айғайлаған. Бірақ қазақстандықтардың көпшілігінде ондай миллиардтаған жинақ жоқ. Олар үшін бұл бағдарлама капитал шығарудың емес, денсаулығын қалпына келтірудің соңғы мүмкіндігі болатын.
Ал бақылау органдары мен ВКК мүшелері құжаттардың дұрыс рәсімделгенін алға тартып, бірнеше жыл бойы көз жұмған. Тек жүйе толық іске қосылғанда ғана “бұзушылықтар анықталды” деп бағдарлама жабылды.
Energyprom дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында Қазақстанда стоматологиялық қызмет көлемі 60,1 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 50 пайызға артқан. Оның 87 пайызын азаматтар өз қаражатымен төлеген.
Атырау облысы ел бойынша ең қымбат өңір атанды – баға бір жылда 23 пайызға өскен. Бұл өсім бағдарламаның тоқтатылуына дейінгі бірнеше айда байқалған.
«Отбасы банк» дерегінше, ең көп қаражат алған 20 клиниканың басым бөлігі Атырау, Алматы және Астана қалаларында орналасқан. Бір клиникаға аударылған сома 6,4–23,5 миллиард теңге аралығында.
Банк клиникалардың лицензиясын тексермеген – қаражат өтініш беруші көрсеткен есепшотқа аударылған. Құжаттарды тексеруді емханалардағы ВКК жүргізген, ал дәл осы жерде жалған өтініштерге жол ашылған.
Министрлік: жабу оңайырақ
Денсаулық сақтау министрлігі стоматологияны бағдарламадан алып тастауды “мақсатсыз пайдаланудың анықталуымен” түсіндірді. Алайда кім кінәлі екені айтылған жоқ. Бағдарламаны қайта ашу жоспарда да жоқ.
Нәтижесінде схемаларды ұйымдастырғандарды емес, бағдарламаны адал пайдаланғандарды жазалау оңай жол болып шықты. Бақылау жүйесі істемеді, ал пациенттер айыпты болып қалды.
Шынында да, бұл шешім тәртіп орнату емес, мәселені жылы жауып қоюға көбірек ұқсайды. Себебі нақты кінәлі табылмады, схемалар белгілі, ал қаржы ағыны жай ғана тоқтатылды.
Бағдарлама тым қымбатқа түсті ме? Иә, тек стоматология бағытында триллион теңгеге жуық қаржы жұмсалған. Енді бәрін “күмәнді” деп жариялап, сол қаражатты қорда қалдыру әлдеқайда жеңіл шешім болған сияқты.
Соңында не болды? Бағалар шарықтады, бақылау істемеді, миллиардтар қолды болды. Ал ұтылғандар — тек тіс емдеткісі келген қарапайым адамдар.
Енді дәл осындай жағдай офтальмология саласында да қайталануы мүмкін: өтініш көбейді, тексеру басталды. Ал нәтиже сол — байығандар емес, қарапайым азаматтар зардап шегеді.
Бүгінде назар “дропперлерге” ауғанымен, олардың артында миллиондаған, тіпті миллиардтаған ақшаны айналдырғандар тұр. Солар анықталмайынша, мұндай жағдай қайталана береді.
Сөйтіп, бақылауы нашар, жауапкершілігі жоқ жүйенің кесірінен қазақстандықтар тіссіз ғана емес, көзсіз қалу қаупіне де тап болып отыр.