homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақстан көмір өндірісін ұлғайтты, бірақ нарықта баға шарықтап барады

07.11.2025, 16:16

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда тас көмір, лигнит және көмір концентратын өндіру көлемі 84,6 миллион тоннаға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Ал бұған дейін екі жыл қатарынан керісінше төмендеу байқалған еді: 2024 жылы – 5,9 пайызға, 2023 жылы – 2,1 пайызға азайған болатын деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Өндірілген көмірдің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі – 48,8 миллион тонна. Екінші орында – Қарағанды облысы (29,4 миллион тонна). Сондай-ақ Абай (4,7 миллион тонна) және Ұлытау (1,2 миллион тонна) облыстарында да елеулі көлемде көмір өндірілді.

Қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, ішкі нарық пен экспорт сұранысын отандық шахталар 99,3 пайыз деңгейінде қамтамасыз еткен. Бұл көрсеткіш өткен жылы 98,9 пайыз болған. Импорт көлемі бір жылда 29,4 пайызға азайып, 535 мың тоннаға түсті.

Экспорт 6,2 пайызға өсіп, 19,3 миллион тоннаға жетті. Ал ішкі нарықтағы сату көлемі 7,6 пайызға ұлғайып, 55,9 миллион тоннаны құрады.

Сегіз айда Қазақстаннан 18,7 миллион тонна көмір мен оның өнімдері (брикет, окатыш және т.б.) экспортталды. Жалпы құны – 381,4 миллион доллар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10,2 пайызға көп.

Көмір экспортының 60 пайыздан астамы Ресейге бағытталған – 11,3 миллион тонна немесе 114,8 миллион доллар. Сонымен қатар Польшаның үлесі – 2,4 миллион тонна, Түркия – 1,3 миллион тонна, Үндістан – 1,2 миллион тонна, ал Қытайға 426 мың тонна жөнелтілді.

Баға өсімі де байқалады. Қазан айында көмірдің орташа бағасы бір айда 1,4 пайызға көтерілген. Ал қыркүйекте баға бірден 3,1 пайызға артқан еді. Қазіргі таңда бір тонна көмірдің орташа бағасы 19,6 мың теңге. Ең арзан көмір Петропавлда (16,3 мың теңге), ең қымбат — Ақтөбеде (25,5 мың теңге). Түркістан мен Қонаев қалаларында да баға жоғары: тиісінше 23,1 және 23 мың теңге.

Жалпы алғанда, жыл ішінде көмір 9,2 пайызға қымбаттаған. Өткен жылы өсім 8,5 пайыз болған еді. Бағаның ең көп өскен аймақтары — Ақтөбе облысы (+27,4%), Жамбыл (+17,5%) және Жетісу (+17,1%). Ең аз өсім Қарағанды облысында тіркелді (+0,7%), ал Ұлытау облысында баға өзгеріссіз қалды.

Ал Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы көмір бағасына қатысты деректер құпия саналады.