Қазақстан мен АҚШ арасындағы жаңа инвестициялық келісім аясында америкалық Cove Capital компаниясы еліміздегі ірі вольфрам кен орындарын игеру жұмыстарына қатыспақ, деп хабарлайды Juzmedia.kz «Самұрық-Қазына» қорының дерегіне сүйеніп.
«Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясы мен Cove Capital Қарағанды облысындағы Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты кен орындарын бірлесіп игеру туралы келісімге келді. Инвестиция көлемі шамамен 1,1 миллиард долларды құрайды.
Қазір Солтүстік Катпар кен орнын игеру бойынша техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып жатыр. Сондай-ақ жоба шеңберінде Қазақстанда паравольфрамат аммоний өндіретін зауыт салу көзделген. Бұл — вольфрам негізіндегі ұнтақтар мен тозуға төзімді бөлшектер сияқты жоғары технологиялық өнімдер шығаратын металлургиялық материал.
Сарапшылардың мәліметінше, Солтүстік Катпар мен Жоғарғы Қайрақты — әлемдегі ең ірі вольфрам қорларының қатарында. Халықаралық JORC стандарты бойынша олардың жалпы қоры 410 мың тонна деп бағаланған.
Келісімге Вашингтонда өткен «C5+1» саммиті кезінде қол қойылған.
Cove Capital — 2015 жылы құрылған америкалық инвестициялық компания. Ол биотехнология, жасыл энергетика және тау-кен өндірісі салаларына қаржы салады. Компанияның орталық кеңсесі АҚШ-та орналасқан.