homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қазақ кәсіпкерлері АҚШ-та екі ірі жобаны іске асырады

07.11.2025, 15:06

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа ресми сапары аясында қазақстандық кәсіпкерлер америкалық нарықта екі жаңа жобаны жүзеге асыру туралы келісімге келді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сүйеніп.

Бірінші жоба – 1Thirty Holding компаниясына тиесілі химиялық кешен құрылысы. Құны 130 миллион доллар болатын жоба аясында ұнтақ жабындары мен полиэфирлі шайыр өндіретін заманауи кәсіпорын салу жоспарланған. Бұл нысан АҚШ-тағы Қазақстанның алғашқы өнеркәсіп-инвестициялық жобасы болмақ.

Ашық деректерге қарағанда, 1Thirty Holding – Қазақстандағы толық циклді AsiaColor бояу зауытының және Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Qemtex өндіріс жобасының иесі.

Екінші жоба – ABR компаниясы АҚШ аумағында AUYL атты мейрамханалар желісін іске қоспақ. Бұл бастама қазақ мәдениеті мен асханасын америкалық нарыққа таныстыруды көздейді.

Келісімдер Вашингтонда өткен «C5+1» іскерлік конференциясы барысында жасалды. Іс-шараға Орталық Азия елдерінің және АҚШ компанияларының өкілдері қатысты. Жалпы, екі ел арасында жалпы құны 17 миллиард доллар болатын 29 құжатқа қол қойылды.

ABR холдингі кәсіпкер Асқар Байтасовқа тиесілі. Ол 110 миллион доллар байлығымен Қазақстанның ең дәулетті кәсіпкерлері рейтингінде 67-орында тұр. Холдинг құрамына «Дареджани», «Cafeteria», «Del Papa» және басқа да танымал мейрамханалар кіреді.