Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Еуразиялық банктің» қызметінде әділ бәсекеге қайшы әрекеттердің белгілерін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттіктің дерегінше, тексеру азаматтардың шағымдары негізінде басталған. Олар банк арқылы автонесие рәсімдеу кезінде «Еуразия» сақтандыру компаниясымен келісім жасауға мәжбүр болғанын айтқан. Бұл сақтандыру ұйымы банктің өзімен тығыз байланыста екені белгілі.
Талдау қорытындысы бойынша, 2024 жылы берілген автонесиелердің 98 пайыздан астамында сақтандыру дәл осы «Еуразия» компаниясы арқылы рәсімделген.
Сонымен қатар нарықта басқа да сақтандыру ұйымдары бар және кейбірі клиенттерге тиімдірек шарттар ұсынатыны анықталған. Олар банктің белгілі бір компанияны міндеттеу тәжірибесі нарықтағы әділ бәсекеге зиян келтіріп, өз қызметіне нұқсан тигізіп отырғанын мәлімдеді.
Агенттік заң бойынша банктер қарыз алушыға сақтандыру компаниясын таңдауды шектеуге құқылы еместігін еске салды.
Тексеру нәтижесінде «Еуразиялық банк» заң бұзушылық белгілерін мойындап, оларды жою шараларын қабылдаған.
Кейін банк бұл ақпаратпен келіспейтінін айтып, ресми түсініктеме таратты.