homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда құрылыс ережелерін бұзу көбейіп келеді, айыппұл көлемі миллиардқа жетті

07.11.2025, 11:18

Қазақстанда құрылыс саласындағы заң бұзушылықтар жылдан жылға артып отыр. Мемлекет жаңа Құрылыс кодексі мен осы бағыттағы заңдарға өзгеріс енгізу арқылы бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Қазан айында Мәжіліс депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Өзгерістер мемлекеттік қадағалауды күшейтіп, қала құрылысы саясатын қайта қарауға бағытталған деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Құрылыс тақырыбы соңғы жылдары қоғам мен бизнес үшін күрделі салаға айналды. Азаматтар сапасыз нысандар мен уәдесінде тұрмайтын мердігерлерге шағымданса, құрылыс компаниялары қатаң реттеу мен бюрократиялық кедергілерді, сондай-ақ қаржылық тұрақсыздықты алға тартады. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсаин Нағаспаевтың айтуынша, бүгінде елде шамамен 80 мың лицензия берілген: оның 58,5 мыңы – құрылыс-монтаж жұмыстарына, 16,5 мыңы – жобалау қызметіне арналған.

Министрдің мәліметінше, бұл компаниялардың көпшілігі қағаз жүзінде ғана бар. Олардың өндірістік базасы жоқ, инженерлері нақты жобаларда жұмыс істемеген.

Құқықтық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, биылғы қаңтар–қыркүйек айларында құрылыс және тау-кен жұмыстарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу бойынша 82 қылмыстық іс тіркелген. Бұл өткен жылдың жалпы көрсеткішінен де көп. Сонымен қатар, сапасыз құрылысқа қатысты 4, ал құрылыс нормаларын бұзу бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған.

Мысал ретінде Алматы облысының Қарқара ауылында салынған медициналық пунктті айтуға болады — ғимарат пайдалануға берілген соң апатты деп танылған. Ал Кеген ауылындағы балабақша топырақ қозғалысын ескермей салынғандықтан, қабырғалары жарылып, нысанның жартысы жабылды. Бұл істер бойынша материалдар құқық қорғау органдарына берілген.

Дегенмен құрылыс саласындағы бұзушылықтардың көбі қылмыстық емес, әкімшілік сипатта. Соңғы жылдары олардың саны тұрақты өсіп келеді. Бұл бақылаудың күшеюін де, сапасыз жобалау мен құрылыс жұмыстарының көбейгенін де білдіреді.

Биылғы тоғыз айда архитектура және құрылыс саласында 4,5 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда шамамен 2 пайызға көп.

Ең жиі кездесетін заң бұзушылық – жобалық құжаттамасыз немесе сараптамадан өтпеген құжатпен құрылыс жүргізу. Мұндай жағдайлар саны биыл 1,3 мыңға жетіп, бір жылда 6 пайызға артты.

Екінші кең тараған бұзушылық – техникалық немесе авторлық қадағалаусыз құрылыс жүргізу. Бұл бап бойынша тіркелген істердің саны бір жылда 20 пайызға өсіп, 964 жағдайға жетті.

Көп жағдайда істерді уәкілетті органдар қарайды, ал сотқа тек 5 пайыздай іс түседі. Негізгі жаза – айыппұл. Биыл тоғыз айда салынған айыппұлдар саны өткен жылмен салыстырғанда артып, 4,1 мың шешім шығарылды.

Қосымша шаралар да бар – лицензиядан айыру, құрылысқа тыйым салу немесе заңсыз ғимараттарды бұзу. Мысалы, өткен жылы мұндай шешімдер 46 рет қабылданса, биыл тоғыз айда 10 жағдай тіркелген. Соған қарамастан, рұқсатсыз құрылыс әлі де жиі кездеседі, әсіресе ірі қалаларда.

Мәселен, жазда Астанада сот шешімімен Mardan тұрғын үй кешені бұзылды – мердігердің ешқандай рұқсат құжаттары болмаған.

Барлық заң бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жиынтық көлемі миллиард теңгеден асты. Биылғы тоғыз айда олардың жалпы сомасы 1,6 млрд теңге болып, өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Оның ішінде 1,2 млрд теңгесі ғана өндірілді.

Жаңа Құрылыс кодексі енгізілгеннен кейін заң бұзушылықтар саны бастапқы кезеңде артуы мүмкін, себебі құрылыс компанияларына жаңа талаптарға бейімделу үшін уақыт қажет. Министрліктің мәліметінше, алдағы өзгерістер саладағы бақылауды және жауапкершілікті күшейтеді.