homepage
Фото: emcrk.kz

Қазақстан АҚШ-тан 300 миллион долларға электрлік әуе таксилер сатып алады

07.11.2025, 09:42

Қазақстан АҚШ-тағы Joby Aero компаниясынан 300 миллион доллар көлемінде электрлік ұшақтар сатып алып, Алатауда аэротакси жүйесін іске қоспақ деп хабарлайды  Juzmedia.kz Инновациялар және цифрлық даму министрлігіне сілтеме жасап.

Меморандумға америкалық Joby Aero, Inc., Alatau Advance Air Group Ltd., кәсіпкер Вячеслав Ким және министрлік қол қойған. Жоба аясында eVTOL үлгісіндегі тік ұшып-қонатын электр ұшақтары әуе такси ретінде пайдаланылмақ. Бұл Қазақстандағы алғашқы қалалық әуе мобильдігі (Urban Air Mobility) жүйесінің негізін қалайды.

Министрлік мәліметінше, Алатауда арнайы сынақ аймағы құрылып, демонстрациялық және сертификаттық ұшулар өткізіледі. Кейін аэротакси желісі Алатау мен Алматының көлік инфрақұрылымына біріктірілмек.

Joby Aero – әлемдегі жетекші eVTOL-авиация компаниясы және электрлік аэротаксиге арналған сертификацияланған ұшу аппараттарының әзірлеушісі. Вячеслав Ким — Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы әрі “Город Алатау” жобасының инвесторы. Alatau Advance Air Group Ltd. — Қазақстандағы әуе мобильдігі технологияларының операторы және интеграторы.