homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан шетелден жарықты төрт есе қымбатқа сатып алып отыр

06.11.2025, 14:43

Биылғы қаңтар–тамыз айларында Қазақстан электр энергиясын шетелден төрт есе қымбат бағамен сатып алған, бірақ сонымен бірге экспорттан да табыс тапқан, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS порталына сілтеме жасап.

Осы кезеңде елде 81 млрд кВт/сағат электр энергиясы өндірілді — бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға көп. Экспорт көлемі бірден 24,7 пайызға өсіп, 2,3 млрд кВт/сағатқа жеткен. Қазақстан бұл жеткізілімдерден 53,3 млн доллар табыс тапқан (+34,5%).

Ең көп экспорт Ресейге бағытталды — 1,5 млрд кВт/сағат (+19,7%), құны 29 млн доллар (+41,6%). Сондай-ақ Қырғызстанға 836,6 млн кВт/сағат (+35%) электр қуаты 24,2 млн долларға сатылған.

Ал импорт көлемі 15 пайызға өсіп, 3 млрд кВт/сағатқа жеткен. Салыстырмалы түрде алғанда, Қазақстан сыртқа сатқаннан 1,3 есе көп электр қуатын сатып алғанымен, қаржылай тұрғыда импорт елге 4,3 есе қымбатқа түскен — 228,1 млн доллар (+31,2%).

Электр энергиясының негізгі бөлігі Ресейден алынған — 2,5 млрд кВт/сағат. Бұл көлем былтырмен салыстырғанда 1,2 пайызға аз болса да, баға керісінше 22,5 пайызға өсіп, 212,4 млн долларға жеткен. Сонымен қатар аздаған көлемде электр қуаты Өзбекстан мен Қырғызстаннан да сатып алынған.

Энергия нарығындағы бұл айырмашылық ішкі бағаларға да әсер етті: соңғы бір жылда қазақстандықтар үшін электр тарифтері 14,3%-дан 19,4%-ға дейін қымбаттады.