2022 жылдан бері Қазақстан шетелдік интернет-компаниялардан 118,4 млрд теңге салық жинады, деп хабарлайды Juzmedia.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта елде 118 шетелдік компания салық төлеуші ретінде тіркелген. Олардың қатарында әлемдік ірі платформалар бар. Биыл бұл тізімге тағы 20 компания қосылды. Олардың ішінде Chess.com, OpenAI (ChatGPT әзірлеушісі), Canva, Microsoft Ireland Operations Limited және Canyon Bicycles GmbH бар.
Комитет мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері Google салығы есебінен ел қазынасына 48,6 млрд теңге түскен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 20 млрд теңгеге артық.
2025 жылы ең ірі салық төлеушілердің үштігіне Valve Corporation (8,6 млрд теңге), Apple (8 млрд теңге) және Temu (6,2 млрд теңге) кірді.
Айта кетейік, Google салығы алғаш енгізілген 2022 жылы бюджетке 13 млрд теңге түскен болатын. Сол жылы ең көп түсім Meta Platforms Ireland (2,9 млрд теңге), iHerb (2,6 млрд теңге), Google Commerce Limited (2,2 млрд теңге) және Apple Distribution International (1,7 млрд теңге) компанияларынан жиналды.
Мемкірістер комитеті бұл салықтың жаңа емес екенін, ол Франция, Ұлыбритания, Италия, Түркия, Ресей, Беларусь және Өзбекстанда да қолданылатынын түсіндірді. Сонымен қатар, қазақстандықтар бұл салықты тікелей төлемейді — төлем шетелдік интернет-компаниялардың өз мойнында.