homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Жаңа Салық кодексі бизнеске соққы бола ма?

06.11.2025, 12:07

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Бірақ оның енгізілуі салықтық даулар мен өтпелі тексерулерге байланысты күрделі заңдық қайшылықтармен қатар жүруі ықтимал, деп хабарлайды Juzmedia.kz inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Салық сарапшысы Айдар Масатбаевтың айтуынша, 2025 жылдың соңында, яғни желтоқсан айында шағын және орта бизнес өкілдері үшін 2022 жылғы салықтық міндеттемелер бойынша үш жылдық талап қою мерзімі аяқталады. Бұл мерзім өткен соң салық органдарының сол кезеңге тексеру жүргізіп, қосымша салық есептеуге құқығы болмайды.

Алайда жылдың соңына қарай аймақтық салық органдары дәстүрлі түрде белсенділікті арттырып, дәл осы мерзім бітер алдында жоспардан тыс тексерулерді бастап жатады. Сарапшының сөзінше, олардың мақсаты — 31 желтоқсанға дейін тексеру туралы акт беріп, мерзімнің соңғы күніне «ілініп қалу».

Мәселе ескі және жаңа кодекстердің түйісуінде тұр. Қолданыстағы Салық кодексінде талап қою мерзімі нақты көрсетілген – ол үш жылдың соңғы күнінде, яғни 2025 жылғы 31 желтоқсанда 23:59:59-да аяқталады. Ал жаңа кодекс бұл мерзімді тексеру жүргізілген уақытқа дейін тоқтата тұруды қарастырады. Осыған сүйеніп, салық органдары жаңа норманы өз пайдасына бұрып түсіндіруге тырысуы мүмкін.

Масатбаевтың пікірінше, мұндай түсіндірулер жемқорлық тәуекелін арттырады. Кейбір салық қызметкерлері кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, тексеру мерзімі ұзарғанын алға тартып, бейресми жолмен «мәселені шешуді» ұсынуы ықтимал.

«Салық органдары кәсіпкерлердің заңдық сауатының төмендігін пайдаланып, қорқыту арқылы әрекет етеді. Он адамның тоғызы қорқып, бәрін төлейді, біреуі ғана сотқа жүгінеді», – дейді сарапшы.

Дегенмен, заң тұрғысынан кәсіпкерлердің ұстанымы басым. Себебі Конституциялық принципке сәйкес, азаматтың жағдайын нашарлататын жаңа нормалар кері күшке ие бола алмайды. Яғни жаңа кодекс бұрынғы кезеңдерге қолданылмауы тиіс. «2022 жылға қатысты талап қою мерзімі 2025 жылдың соңында аяқталады, ал жаңа норма оған таралмайды», – деп түсіндірді Масатбаев.

Сарапшы соттар да дәл осы ұстанымды басшылыққа алатынына сенімді. Сондықтан ол кәсіпкерлерге 2022 жылға қатысты тексеру туралы хабарлама алса, заң нормаларын нақты біліп, өз құқықтарын қорғауға кеңес береді. Сонымен қатар, бизнес қауымдастықтарға — әсіресе «Атамекен» палатасына — Қаржы министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитетінен ресми түсіндірме сұрату қажеттігін айтты.

Бұл мәселе жаңа Салық кодексінің алғашқы сынағы болмақ, ал сот тәжірибесі алдағы жылдары салық жүйесінің әділдігі мен болжамдылығын айқындап береді.