Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылдың 4 қарашасында қол қойған жаңа бұйрықпен ел аумағынан тірі қой мен ешкі экспорттауға шектеу қойылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Құжатқа сәйкес, 2026 жылдың 30 сәуіріне дейін Қазақстаннан үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне 4 айдан асқан 120 мың бас тоқты мен серкені ғана шығаруға рұқсат етіледі. Бұл сандық шектеу (квота) екіге бөлінеді: 60 мың бас — бордақылау алаңдарына, 60 мың бас — жеке тауар өндірушілерге беріледі.
Бұйрықта квоталарды бөлу ережелері де бекітілген. Уәкілетті орган аталған ережелер күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде өз сайтында (gov.kz) квота бөлу туралы хабарлама жариялауы тиіс. Онда экспорт көлемінің лимиті және бір өндіруші мен бір бордақылау алаңына берілетін шектеу көрсетіледі.
Бір бордақылау алаңына берілетін квота оның жалпы қуаттылығының 30 пайызынан аспауы керек, ал жеке тауар өндірушілер үшін шектеу — 500 басқа дейін. Егер бордақылау алаңының қуаттылығы 5 мың бастан асса, онда экспортқа рұқсат етілетін мал саны 1500 басқа дейін ғана болады.
Квота алу кезінде өтініш берушінің иелігіндегі нақты мал саны сұралатын көлемнен екі есе көп болуы шарт. Сондай-ақ, экспортталатын мал өтініш берушінің атына тіркеліп, карантинге қойылардан кемінде үш ай бұрын жануарларды сәйкестендіру дерекқорында болуы тиіс.
Жаңа бұйрық 2025 жылдың 5 қарашасынан бастап күшіне енеді. Бұған дейін 2025 жылдың 10 мамырынан бастап енгізілген бұрынғы квоталау тәртібі күшін жойды.