homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан өмірді сақтандыру саласында әлемнен артта қалып отыр

06.11.2025, 14:19

Өмірді сақтандыру саласындағы барлық сыйақының шамамен 80 пайызы небәрі үш компанияның үлесіне тиеді. Бұл саладағы нарықтың жоғары шоғырланғанын көрсетеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Қазақстанда өмірді сақтандыру — сақтандыру нарығындағы ең күрделі әрі қатаң реттелетін бағыттардың бірі. Ол азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға ғана емес, аннуитеттік және жинақтаушы қаржы құралдарын да қамтиды. 2014 жылы өмірді сақтандыру бойынша түскен сыйақылар көлемі 75,5 млрд теңге болса, 2024 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 834,8 млрд теңгеге жетіп, 11 еседен астам өскен. Тек соңғы жылы өсім 84,4 пайызды құраған.

Сақтандыру нарығындағы өмірді сақтандыру үлесі де айтарлықтай артқан: 2014 жылы ол 28,4 пайыз болса, 2024 жылы 50 пайызға жуықтады. Осылайша, өмірді сақтандыру сегменті Қазақстанда мүліктік және жауапкершілік сақтандыруынан асып, нарықтың жетекші бағытына айналды.

2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында өмірді сақтандыру бойынша сыйақы көлемі 670,2 млрд теңгені құрап, бір жылда 15,6 пайызға артқан. Бұл өсімнің негізгі бөлігі зейнетақы аннуитеттік сақтандыру үлесіне тиді — оның көлемі 328,6 млрд теңгеге жетіп, жалпы сектордың жартысына жуық үлесін құрады. Ал классикалық өмірді сақтандыру көлемі 224,5 млрд теңге, жұмысшыларды жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру — 110,9 млрд теңге болды.

Дегенмен, өмірді сақтандыру секторының ел экономикасындағы үлесі әлі де төмен. 2024 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі бар болғаны 0,61 пайызды құрады (2023 жылы — 0,38%, 2014 жылы — 0,19%). Бұл көрсеткіш Еуропаның дамыған елдеріндегі деңгейден 8–10 есе аз. Мысалы, Франция, Италия, Швейцария мен Ұлыбританияда өмірді сақтандырудың ЖІӨ-дегі үлесі 5 пайыздан асады. Ал әлемдік орташа деңгей — 3,1 пайыз.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай алшақтық қаржылық мәдениеттің төмендігімен, сақтандыру компанияларына сенімсіздікпен және қаржы нарығының шектеулі әртараптандырылуымен байланысты. Қазақстанда өмірді сақтандыру негізінен корпоративтік бағдарламалар мен зейнетақы аннуитеттеріне тәуелді, ал жекелеген азаматтардың сұранысы әлі де әлсіз.

Қазір бұл салада 10 компания жұмыс істейді, бірақ олардың үшеуі жалпы сыйақының 77,2 пайызын иеленіп отыр. Ал классикалық өмірді сақтандыру сегментінде бұл көрсеткіш 88,1 пайызға жетеді — бұл саладағы шынайы бәсекенің әлсіздігін және монополиялану деңгейінің жоғары екенін айқындайды.