homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Менталдық денсаулыққа инвестиция қажет — бұл мәселе Қазақстанда да, бүкіл әлемде де өзекті

06.11.2025, 10:39

Дүниежүзіндегі денсаулық сақтау жүйелеріне менталдық денсаулық мәселелерін шешуге жеткілікті қаржы жетпейді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

McKinsey & Company институтының халықаралық сарапшыларының есебінше, бұл бағытқа жыл сайын 200–350 млрд доллар көлемінде инвестиция қажет. Әлемде психикалық ауруларды анықтау, қызмет көрсету және емдеу сұранысы артып келеді. Адамдардың менталдық саулыққа деген көзқарасы өзгерген сайын, бизнес те бұл саланы жаңа инвестициялық мүмкіндік ретінде қарастыра бастады. Соңғы екі жылда психикалық денсаулық саласындағы технологиялық стартаптарға бағытталған венчурлік инвестициялар төрт есеге артқан. Былтыр менталдық саулыққа арналған тауарлар мен қызметтердің жаһандық нарығының көлемі 448 млрд долларды құрады, ал 2033 жылға қарай бұл көрсеткіш 573 млрд долларға жетеді деп күтілуде.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметінше, әлемде 1 млрд-тан астам адам психикалық бұзылыстардан зардап шегеді. Халықтың 3,9 пайызы депрессиялық күйзеліс белгілерін бастан кешіреді. ДДСҰ 2013–2030 жылдарға арналған менталдық денсаулық бойынша іс-қимылдың кешенді жоспарын әзірлеген. Онда психикалық аурулар еңбекке қабілеттілікті төмендетіп, өлім-жітім мен мүгедектік деңгейін арттыратыны айтылған. Мысалы, ауыр депрессия немесе шизофрения диагнозы бар адамдардың мезгілсіз өлу ықтималдығы орташа есеппен 40–60 пайызға жоғары. Жалпы алғанда, 2011–2030 жылдар аралығында психикалық бұзылыстардың экономикалық салдары әлем бойынша 16,3 трлн долларды құрамақ.

Қазақстанда да менталдық денсаулық мәселесі өткір тұр. ДДСҰ мәліметінше, ел халқының 4,4 пайызы депрессиялық бұзылыстарға шалдыққан — бұл әлемдік орташа көрсеткіштен жоғары. Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығының дерегіне сүйенсек, 2025 жылы психикалық бұзылыстары бар 315 мыңнан астам қазақстандық динамикалық бақылауда тұр. Оның ішінде 205 мыңы – түрлі психикалық аурулары бар адамдар.

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы психикалық немесе мінез-құлықтық бұзылыстармен тіркелген азаматтар саны 244,3 мың адамға жетіп, бір жыл ішінде 3 пайызға артқан. Олардың 74,7 пайызы – ересектер. 18 жастан асқан науқастар саны 182,5 мың адамды құрады. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасындағы психикалық бұзылыстар 29,7 пайызға көбейген. Сарапшылар бұл өсімді жағымсыз емес, керісінше, диагностика мен скринингтің жақсаруының белгісі деп санайды. Себебі психикалық аурулардың жартысына жуығы 14 жасқа дейін басталады.

Соңғы үш жылда елдегі менталдық аурулар көрсеткіші салыстырмалы түрде төмендеген: 2021 жылы 100 мың адамға шаққанда 1232 жағдай тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 1212-ге түскен. Бұл ретте балалар арасындағы көрсеткіштің өсуі – 2023 жылдың соңында ашылған 20 Балаларға психологиялық қолдау орталығының жұмысының алғашқы нәтижесі болуы мүмкін.

Аймақтар бойынша айырмашылық та айқын: 2024 жылы психикалық бұзылыстардың алғашқы рет тіркелу деңгейі ең жоғары өңірлердің қатарында Астана (141,9 жағдай), Шығыс Қазақстан (102,8) және Абай облысы (93,9) бар. Ал ең төмен көрсеткіштер – Түркістан, Алматы және Жетісу облыстарында.

Психиатриялық көмек көрсетудің жалпы әлеуеті аралас нәтижелер көрсетті. 2021 жылмен салыстырғанда елде психиатр-дәрігерлер саны 739-дан 929-ға дейін көбейген (өсім – 25,7%), бірақ психиатриялық төсек-орын саны 7,5 мыңнан 6,7 мыңға дейін азайған.

Бұл деректер менталдық денсаулықты қорғау саласына тұрақты инвестицияның және ұзақмерзімді мемлекеттік саясаттың қажеттігін айқын көрсетіп отыр.