homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстанда салық төлемей пәтер жалға беретіндерге айыппұл салынады

06.11.2025, 09:33

Қазақстанда пәтерін салық төлемей жалға беретін азаматтарға 60 мың теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Оның айтуынша, Мемлекеттік кірістер комитеті мұндай азаматтарды жазалау үшін емес, заң талаптарын орындауға шақыру мақсатында ескертулер жолдайды.

«Біз айыппұл салу үшін қуаламаймыз. Алдымен ескерту жібереміз, бір ай ішінде тіркеліп, төлем жасау міндеті қойылады. Егер талап орындалмаса, 10–15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл шамамен 39 мыңнан 59 мың теңгеге дейін», – деді Біржанов.

Вице-министрдің айтуынша, ведомство жалдамалы пәтер иелерін анықтау үшін түрлі дереккөздерді пайдаланады.

«Банктік аударымдар арқылы да, учаскелік полициямен бірлесіп те жалға беріп отырған азаматтарды анықтауға болады. Бізде пәтер жалдаушыларға өте жеңілдетілген салық режимдері бар. Мысалы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ жыл соңында декларация тапсырып, 10% төлем жасауға болады. Немесе жеңілдетілген режиммен – 3%, ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін – 4% мөлшерлеме қарастырылған», – деді ол.

Бұған дейін Қаржы министрлігі заңсыз жалға берілетін тұрғын үйлерді анықтау жұмыстарын бастайтынын хабарлаған еді.