homepage
Фото:Kazinform.kz

Вашингтонда Орталық Азия елдерінің басшылары қатысатын «С5+1» саммиті өтеді

06.11.2025, 09:01

АҚШ президенті Дональд Трамп бүгін Вашингтонда Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан көшбасшыларымен кездеседі. Бұл жиын «С5+1» форматындағы диалогтың жаңа кезеңін ашады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Кездесуде экономика, энергетика, көлік-логистика және цифрлық даму саласындағы серіктестікті тереңдету мәселелері талқыланады. Сарапшылардың айтуынша, саммиттің басты тақырыбы – инвестиция тарту және стратегиялық пайдалы қазбаларды игеру жобалары.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) сарапшысы Әлішер Тастенов Вашингтонның аймаққа қызығушылығы артып отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, АҚШ Орталық Азияны энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан маңызды өңір ретінде қарастырады және көлік дәліздерін дамытуға инвестиция салуға мүдделі.

ҚСЗИ сарапшысы Али Мұхамбет те саммит барысында цифрлық индустрия мен жасанды интеллект бағытында жаңа келісімдер жасалуы мүмкін екенін айтты. Оның пікірінше, Alem.AI халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Astana Hub экожүйесі америкалық технокомпаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік алады.

Қазір АҚШ Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бірі саналады. 1993 жылдан бері тартылған тікелей инвестиция көлемі 61 миллиард долларға жеткен. Оның басым бөлігі мұнай-газ саласына бағытталғанымен, сарапшылар енді жоғары технологиялар мен логистикалық жобаларға көңіл бөлінетінін айтады.

Вашингтондағы саммит Орталық Азия елдерінің ұжымдық ұстанымын күшейтіп, аймақты жаңа экономикалық және технологиялық серіктестік деңгейіне шығаруы мүмкін.