Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова қазақстандықтардың қарызы қандай жағдайда есептен шығарылатынын айтты, деп хабарлайды Juzmedia.kz LS басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделіп, ол биометриялық сәйкестендіруден өтпеген болса, мұндай қарыз сотқа дейінгі тәртіппен кешіріледі. Бұл үшін азамат құқық қорғау органдарына өтініш беріп, несие алаяқтық жолмен алынғанын растайтын қаулы алуы керек. Сол құжаттың негізінде банк берешекті есептен шығарады.
Әбілқасымованың дерегінше, соңғы екі жылда банктер 1,4 мың қазақстандықтың 1,5 мың несиесін кешірген. Жалпы сомасы – 1,9 миллиард теңге. Бұл – азаматтардың өтініштері негізінде сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығарылған жағдайлар.
Ал егер биометрия қолданылып, бірақ жалған болып шықса, мұндай істер сот арқылы қаралады. “Егер несие азаматтың келісімінсіз рәсімделсе, оны сотқа дейінгі тәртіппен есептен шығару қажет. Мұндай норма бар, ал әрекет ету тәртібі ІІМ-мен бірлесіп бекітілген”, – деді агенттік басшысы.
Бұған дейін Қазақстанда несие мөлшерлемесін төмендетудің жаңа әдістемесі әзірленіп жатқаны хабарланды..