Елдің фармацевтикалық нарығында мемлекеттік реттеуге жататын бірқатар дәрілік заттардың бағасы төмендеді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, өзгеріс жаңартылған баға белгілеу тетігін енгізумен байланысты. Бұл жүйе дәрі-дәрмек құнының ашықтығы мен тұрақтылығын арттыруға бағытталған деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Қазір Қазақстанда 4 994 дәрілік препаратқа шекті баға бекітілген. Ал рецептсіз сатылатын 1 707 дәрі мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық бағамен сатылуда. Дегенмен уәкілетті орган олардың құнын тұрақты түрде бақылап отыр.
Биыл Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті еліміздің 20 өңірінде дәрі бағасына мониторинг жүргізді. Зерттеу вирусқа қарсы, қабынуға қарсы, бактерияға қарсы, жүрек-қантамыр және асқазан-ішек ауруларын емдеуге арналған ең көп сұранысқа ие 50 препаратты қамтыды.
Қыркүйек айындағы талдау нәтижесі бойынша, маусыммен салыстырғанда дәрілердің 34 пайызының бағасы орта есеппен 7,8 пайызға төмендеген. Ал қазан айында бұл көрсеткіш 50 пайызға жетіп, орташа арзандау деңгейі 11,1 пайызды құрады.
Министрлік дәрі-дәрмек бағасын бақылау жұмысы әрі қарай да жалғасатынын, ал жаңартылған баға саясатының негізгі мақсаты – халыққа қолжетімді әрі тұрақты фармацевтикалық нарық қалыптастыру екенін атап өтті.