2024 жылы Қазақстанда бір жасқа дейінгі нәресте өлім-жітімі 1 000 тірі туған сәбиге шаққанда 8 жағдайды құрады. Бұл көрсеткішпен ел әлемде 82-орында тұр. Бұл – Ресей мен Беларусьтен жоғары, бірақ Орталық Азиядағы көршілермен салыстырғанда айтарлықтай төмен нәтиже деп хабарлайды Juzmedia.kz. Rankink.kz-ке сілтеме жасап.
The World Factbook (ЦРУ, АҚШ) дерегінше, Орталық Азия елдері арасында ең жоғары нәресте өлім-жітімі Түрікменстанда тіркелген – 35,9, ал ең төмені Қазақстанда – 8. Өзбекстанда бұл көрсеткіш 18,2, Тәжікстанда – 21,7, Қырғызстанда – 24,5.
Әлем бойынша орташа көрсеткіш – 28,3. Ең төменгі деңгей Сингапур мен Словенияда (әрқайсысында 1,5), ал ең жоғарысы – Ауғанстан, Сомали және Орталық Африка Республикасында (80–100 жағдай). Сарапшылар мұндай айырмашылықты медициналық қызмет сапасы мен әлеуметтік жағдай деңгейімен байланыстырады.
Қазақстанда ұл балалар арасындағы өлім-жітім қыздарға қарағанда жоғары – тиісінше 8,9 және 7 жағдай (айырмашылық 27 пайыз). Бұл үрдіс аймақтағы барлық елдерде байқалады. Биологиялық тұрғыдан жаңа туған ұлдар инфекция мен ерте жастағы асқынуларға көбірек бейім келеді.
Бюро ұлттық статистикасының дерегінше, Қазақстанда нақты көрсеткіштер ЦРУ есебінен де төмен. 2024 жылы нәресте өлім-жітімі 6,8-ге тең болса, 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ол 6-ға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш Шығыс Еуропа елдерінің деңгейіне жақын және Орталық Азия бойынша ең жақсы нәтиже.
Мұндай төмендеу перинаталдық көмектің күшеюімен, дәрігерлердің біліктілігін арттырумен және жаңа туған сәбилерді күтіп-баптау хаттамаларының жаңаруымен түсіндіріледі.
Дегенмен өңірлік айырмашылықтар әлі де бар. Ең жоғары нәресте өлім-жітімі Қызылорда (8,7), Батыс Қазақстан (7,5), Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарында (әрқайсысы 7,1) тіркелген. Ең төменгі көрсеткіш Алматы мен Астанада – 4,5. Одан кейін Ақмола (4,9) және Шығыс Қазақстан (5,2) облыстары тұр.
Сарапшылардың айтуынша, Қазақстан нәресте өлімін азайтуда тұрақты ілгерілеу байқатып келеді. Ендігі міндет – өңірлер арасындағы айырмашылықты қысқарту және шалғай аймақтардағы перзентханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту.