homepage
Фото: ҚазМұнайГаз

«ҚазМұнайГаз» Лукойлмен бірлескен жобаларға санкция әсерін бағалап жатыр

05.11.2025, 11:05

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы ресейлік «Лукойлмен» бірлескен жобаларға санкциялардың ықпалын бағалау жұмысын жүргізіп жатыр. Бұл туралы ақпарат LS-тің ресми сауалына жауап ретінде компания тарапынан берілген деп хабарлайды Juzmedia.kz.

КМГ мәліметінше, қазіргі уақытта жобаларға қатысушы тараптар сыртқы факторлардың, соның ішінде санкциялық шектеулердің ықтимал әсерін кешенді түрде талдап жатыр. Бағалау заңдық, қаржылық және техникалық аспектілерді қамтиды.

Компанияның айтуынша, жобалар бойынша жұмыс қазақстандық заңнама мен қолданыстағы келісімдер шеңберінде қалыпты режимде жалғасуда. «Барлық келісімшарттарда шектеу шаралары енгізілген жағдайда іс-қимыл тәртібін айқындайтын арнайы санкциялық тармақ қарастырылған. Бұл ережелердің мазмұны құпия сипатта», – делінген КМГ хабарламасында.

«РИА Новости»-дің хабарлауынша, КМГ басшысы Асхат Хасенов ADIPEC форумының кулуарында компанияның «Лукойлдың» бірлескен жобалардағы үлесін сатып алуы санкциялық режимге байланысты болатынын айтқан. Әсіресе қаржылық құралдарға қатысты шектеулер енгізіле ме, жоқ па – соған тәуелді екенін жеткізген.

Қазір «Лукойл» санкциялар аясында шетелдік активтерін сатуда. Сарапшы Аскар Исмаиловтың пікірінше, бұл жағдайда Қазақстан өз мүддесін қорғап, энергетикалық жобалардағы ұлттық қатысуды күшейтуге ұмтылуы тиіс.

Ресейлік компанияның Қазақстандағы негізгі жобаларына «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» (13,5%), «Теңізшевройл» (5%), Каспий құбыр консорциумы (12,5%), «Қаламқас-теңіз – Хазар» (50%) және «Әл-Фараби Operating» (49,99%) кіреді.

Ал «ҚазМұнайГаздың» үлесі тиісінше: ҚПО-да – 10%, ТШО-да – 20%, КТК-да – 19%, «Қаламқас-теңіз – Хазар» жобасында – 50%, ал «Әл-Фараби Operating»-те – 50,01%.