homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстан көмірі халықаралық нарықта қайта қарқын алды

05.11.2025, 10:39

2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Қазақстанда 74,7 миллион тонна тас және қоңыр көмір өндірілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 7,6 пайызға көп. Көмір экспорты да артқан – 6,2 пайызға өсіп, 19,3 миллион тоннаға жетті. Экспорттан түскен табыс 391,3 миллион АҚШ долларын құрады деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Польша Қазақстаннан көмір сатып алуды 1,6 есе көбейтіп, 2,3 миллион тоннаға жеткізсе, Үндістан – 1,8 есе (1,2 млн тонна), Түркия – 2,7 есе (1,2 млн тонна) арттырды. Бұған дейін бұл елдерге экспорт көлемі төмендеген болатын.

Негізгі импорттаушы ел әлі де Ресей болып отыр. Сегіз айда бұл елге 11,5 миллион тонна көмір жөнелтілді, бұл көрсеткіш 3,3 пайызға жоғары.

Италияға экспорт көлемі 2,5 есе өсіп, 274,3 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ Нидерландқа жеткізілім 40,4 пайызға (159,1 мың тонна), Қытайға – 27,3 пайызға (426,1 мың тонна) артты.

Ал кейбір елдерге экспорт қысқарды. Мысалы, Өзбекстанға көмір сату 1,7 есе азайып, 757,9 мың тоннаны құрады (өткен жылы – 1,3 млн тонна). Латвияға экспорт үш есе азайып, 310,6 мың тоннаға дейін төмендеді, ал Мароккоға жөнелтілім 3,6 есе азайып, небәрі 95 мың тоннаны құрады.

Бюро ұлттық статистикасының дерегінше, қыркүйекте ел ішінде көмір бағасы да көтерілген. Өндірушілер бір тонна тас көмірді орта есеппен 10,3 мың теңгеден сатқан (+5,8%), ал қоңыр көмірдің бағасы 7,5 мың теңге деңгейінде өзгеріссіз қалды.

Халық үшін бөлшек баға айтарлықтай өскен: бір тонна көмірдің орташа құны 19,6 мың теңгеге жетті (+10,8%). Ең қымбат көмір Ақтөбеде (25,5 мың тг), Түркістан мен Қонаев қалаларында – 23 мың теңге деңгейінде тіркелді.