homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Фермерлердің субсидия қарызы 2026 жылдың басында толық өтеледі

05.11.2025, 10:10

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың мәлімдеуінше, мемлекет фермерлер алдындағы барлық субсидия қарызын 2026 жылдың басында толығымен өтейді деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Министрдің айтуынша, қазіргі таңда 341 миллиард теңге субсидия күту тізімінде тұр. Бұл қаражат толық көлемде төленеді. Биылғы бюджет есебінен қарыздың бір бөлігі өтелген, ал күту тізімінде қалған сома 2026 жылға ауыстырылмақ. Егер резервтік қаржы үнемделсе немесе бюджет нақтыланса, қосымша қаражат бөлінеді. Биылдың өзінде 57 миллиард теңге қосымша бөлініп, өңірлерге таратылған. Қалған берешек 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтеледі.

Айдарбек Сапаров фермерлерге алаңдауға негіз жоқ екенін атап өтті. Оның сөзінше, субсидия қарызының жиналуы жыл сайын қайталанатын жағдай. Ал қазіргі 340 миллиард теңге – 2022–2023 жылдардан қалған өтпелі берешек.

Министр сондай-ақ жаңа жыл қарсаңында ет бағасы өседі деген алаңдаушылыққа да жауап берді. «Қазір еттің бағасы біртіндеп тұрақталып жатыр. Орташа есеппен бір килограмы – 3,2 мың теңге. Кеше және бүгін базарларда жүргізілген мониторинг нәтижесінде баға шамамен 3,5 мың теңге деңгейінде екені анықталды. Кей жерлерде 4–5 мың теңгеден сатылатын премиум санаттағы ет те бар. Дегенмен жалпы баға тұрақты, әзірге осы деңгейде сақталады», – деді ол.

Министр келесі жылы да ет бағасын қазіргі деңгейде ұстау жоспарланып отырғанын айтты. «Қазір тірі малды шетелге шығаруға тыйым салынған, ал ет экспорты квотамен шектелген. Сондықтан баға тұрақтылығына қауіп жоқ», – деді Сапаров.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов субсидия бойынша берешекті Үкіметтің резервтік қаржысы есебінен өтеуді ұсынған болатын. Ал Қаржы министрлігінің мәліметінше, кейбір фермерлердің бір малға бірнеше рет субсидия алған жағдайлары тіркелген.