Атысты тоқтату режимі енгізілгелі бері Газа секторында шамамен бір миллион тұрғын азық-түлік көмегін алды. Бұл туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы мәлімдеді. Алайда ұйым өкілдерінің айтуынша, қазіргі көмек өңірдегі қажеттілікті толық қамтамасыз ете алмай отыр деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Бітімге қол қойылғанына бір айдан асты. Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Шығыс Еуропа өңірлері бойынша өкілі Абир Этефа гуманитарлық көмекті уәде етілген деңгейге жеткізу үшін қосымша шекара өткелдерін ашу және жүктердің еркін қозғалысын қамтамасыз ету қажет екенін айтты.
Қазір Газа аумағында 44 азық-түлік тарату пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ ұйым қолдау көрсетіп отырған 17 наубайхана күн сайын 700 мыңға жуық тұрғынды жаңа піскен нанмен қамтамасыз етіп отыр.
БҰҰ дерегінше, қазан айында 150 мың әйел мен бес жасқа дейінгі бала тағамдық қоспалар алды. Бұл жоспарланған көлемнің тек жартысына жуығы. Соғыс тоқтағаннан кейін жүздеген мың адам Газаның солтүстігіне оралғанымен, көпшілігі қираған үйлерінде тұрып жатыр.