Таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының төрағасы Мейрам Әбелқасов жаңа Салық кодексінің жеке тасымал саласына әсері туралы айтты. Оның сөзінше, алдағы өзгерістер такси бизнесіне айтарлықтай салмақ түсірмейді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Үкімет 16 қазанда бөлшек салықтың тыйым салынған қызмет түрлері тізімінен артық шектеулерді алып тастаған. Соның нәтижесінде арнайы салық режімі сақталып, тізімде тек 44 қызмет түрі қалды.
«Егер такси саласы жеңілдетілген режімнен алынып тасталса, салық жүктемесі 6,5 есе өсер еді. Бұл біз үшін өзекті мәселе болды, себебі біз жүргізушілермен жұмыс істейміз — бұл жалақы, аренда және шеринг шығындарын қамтиды», – деді Әбелқасов.
Қазір Ұлттық экономика министрлігі соңғы тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімін жарияламағанымен, салалық қауымдастық өзгерістердің такси бизнесіне әсер етпейтінін растады. Демек, салық жүктемесі бұрынғы деңгейде қалады.
Жаңа Салық кодексінде «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» деген жаңа ұғым енгізілді. Әбелқасов жүргізушілер мен агрегаторлар арасындағы құжат айналымының қалай болатыны әлі белгісіз екенін айтты.
«2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл механизм нақты түсінікті болуы керек. Егер құжат айналымы енгізілсе, процесті автоматтандыру қажет болады», – деді ол.
Сонымен қатар, 2026 жылдан бастап ҚҚС мөлшерлемесі 12%-дан 16%-ға өссе де, бұл такси нарығына айтарлықтай әсер етпейді. Себебі бұл салық барлық салаларға ортақ болғандықтан, нарықтағы тепе-теңдік сақталады.
Жанармай бағасының өсуіне қатысты Әбелқасов таксопарктердің электромобильдер мен гибрид көліктерге көше бастағанын айтты. Оның пікірінше, бұл шешім жолақы құнына түсетін қысымды азайтады.