16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске «Неке қиюға мәжбүрлеу» деп аталатын жаңа 125-1-бап енгізілді. Бұл бап адамды еркінен тыс некеге тұрғызу мақсатында ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастырады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатады. Кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, ал ауыр жағдайларда жаза мерзімі 10 жылға дейін ұлғаяды.
Жаңа бап күшіне енген сәттен бері Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу фактілері бойынша жеті қылмыстық іс тіркелген. Тергеу барысында 15 адам ұсталды. Қазір әр іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғалардың барлық мән-жайы анықталып жатыр.