homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Зеленский Еуропаның соғысты тоқтату жоспарын көрмегенін айтты

04.11.2025, 15:35

Украина президенті Владимир Зеленский Еуропа елдерінің Украинадағы соғысты аяқтау жөніндегі жоспарын көрмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz  «Страна.ua» басылымына сілтеме жасап.

«Бұл мәселеде ең маңыздысы – мен, Украина президенті ретінде, бұл жоспарды көрдім бе? Жоқ. Міне, бұл – барлық сұраққа жауап», – деді Зеленский. Оның айтуынша, Еуроодақ елдерінің соғыс қимылдарын тоқтату және бейбіт реттеу жөнінде әртүрлі ұсыныстары бар.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі өз дереккөздеріне сүйеніп, Киев пен бірқатар еуропалық елдер арасында қақтығысты реттеу жоспары талқыланып жатқанын хабарлады. Онда 12 тармақ бар: соғыс қимылдарын майдан шебі бойынша тоқтату, Украинаның ЕО-ға жеделдетіп кіруі, қауіпсіздік кепілдіктерін алу және Ресейдің бақылауындағы аймақтарды заңды түрде мойындаудан бас тарту секілді ұсыныстар қамтылды.

Ал Мәскеу бірнеше рет бұл аумақтар – Қырым, Донецк, Луганск, Запорожье және Херсон облыстары – Ресей Конституциясына енгізілгенін және бұл мәселе талқылауға жатпайтынын мәлімдеген. Владимир Путин де Ресей ешқашан Киевке территориялар есебінен қандай да бір кепілдік беруді қарастырмағанын айтты.

Сондай-ақ қазан айында АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонда Зеленскиймен кездесіп, Украина келісімге келмесе, «елдің тоңып, күйреу қаупі бар» екенін ескерткенін Reuters жазған. Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф те Киевті Мәскеумен «жер айырбасы» нұсқасына келісуге үгіттегендердің бірі болды.

Axios порталының хабарлауынша, кездесу шиеленісті өткен. Ақпарат көздерінің бірі оны «сәтсіз өткен кездесу» деп сипаттаған. Осыдан кейін Зеленский баспасөз мәслихатын Ақ үй аумағынан тыс жерде өткізуге мәжбүр болды.