Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың табысын салық салу мақсатында жанама әдіспен де анықтай алатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Комитеттің түсіндіруінше, бұл тәсіл азаматтың декларацияда көрсеткен табысының толықтығы мен шынайылығын тексеру кезінде қолданылады. Мұндай тексерулер кезінде салық органдары басқа мемлекеттік мекемелер мен үшінші тараптардан алынған мәліметтерді пайдалана алады. Норма 2021 жылдың 1 қаңтарынан бері күшінде және жаңа талап болып саналмайды.
Жанама әдіс тек жеке тұлғаларға қатысты қолданылады. Тек жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғаларға бұл талап жүрмейді. Егер азаматтың декларациядағы табысы оның шығыстарымен (мысалы, мүлік сатып алуымен) сәйкес келмесе, салық органдары жанама әдісті қолдана алады.
Мұндай бақылаудың үш түрі бар:
Біріншісі – активтер құнының өсу әдісі. Бұл жағдайда азаматтың белгілі бір кезеңде тіркеуге жататын мүлік сатып алғаны есепке алынады. Салық органдары мүліктің құнының өсуін декларациядағы табыспен салыстырады.
Екіншісі – шығындарды есепке алу әдісі. Егер адамның тіркеуге жатпайтын өзге шығыстары болса, ол табыспен салыстырылып, айырмашылық анықталады.
Үшіншісі – банктегі ақша қозғалысын талдау әдісі. Бұл кезде азаматтың банк шоттарындағы қаражат көлеміндегі өзгеріс декларациядағы табыспен салыстырылады.
Сонымен бірге, салық кодексінде жанама әдіс қолданылатын табыс пен шығыс арасындағы нақты айырмашылық шегі көрсетілмеген.