Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен саудасында негізгі үлес Қазақстанға тиесілі болып отыр. Trading Economics порталының (БҰҰ Comtrade деректері негізінде) мәліметінше, былтыр Орталық Азиядан АҚШ-қа экспортталған тауар мен қызметтің 96,7%-ы Қазақстаннан жөнелтілген. Бұл 2,4 млрд доллар шамасында. Жалпы өңір елдері бойынша экспорт көлемі 2,5 млрд долларды құраған. Көрсеткіш бойынша екінші орында – Өзбекстан (44,4 млн доллар), деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Импортта да жағдай ұқсас: АҚШ-тан Орталық Азияға келген тауарлардың 62,3%-ы Қазақстанға бағытталған. Өткен жылы Америкадан Қазақстанға әкелінген өнім көлемі 1,1 млрд доллардан асқан. Өзбекстан екінші орында (380,8 млн доллар), ал Түрікменстан мен Тәжікстан ең аз импорттаған елдер қатарында.
АҚШ-тың жалпы сыртқы сауда көлемінде Орталық Азияның үлесі тым аз – 1%-ға да жетпейді. Дегенмен, Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара сауда соңғы жылдары тұрақты өсім көрсеткен. 2019 жылдан бері АҚШ-тың Қазақстанмен саудадағы үлесі 2,3%-дан 3%-ға дейін артқан. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд долларға жетіп, соңғы бес жылдағы рекордты жаңартты. Оның жартысынан астамы – АҚШ-тан келген импорт (53,2%).
Биылғы жылдың қаңтар–тамыз айларында өзара сауда көлемі 2,1 млрд долларды құрады — бұл өткен жылмен салыстырғанда 25,8%-ға аз. Сарапшылар мұны АҚШ-пен сауда қатынастарындағы қиындық емес, жалпы Қазақстан экспортының ақшалай көлемінің төмендеуімен байланыстырады.
Экспорттың азаюы әсіресе мұнай мен мұнай өнімдері бойынша айқын байқалды: АҚШ-қа жөнелтілген мұнай экспортының құны 269,1 млн доллар, яғни 3,5 есе аз. Бұған физикалық көлемнің де, бір тонна мұнайдың есептік бағасының да төмендеуі әсер еткен. Сонымен бірге АҚШ Қазақстаннан уран, күміс, ферросплавтар және тантал, титан сияқты сирек металдарды сатып алады, бірақ бұл бағыттарда да азаю тенденциясы байқалады.
Импорт керісінше тұрақты: биыл АҚШ-тан Қазақстанға жеткізілген тауарлар көлемі 1,7 млрд доллардан сәл кем. Қазақстан көбіне жоғары технологиялы өнімдер — автокөліктер, ұшақтар, ауылшаруашылық техникасы, медициналық жабдықтар, компьютерлер мен дәрі-дәрмек сатып алады. Соңғысының үлесі айтарлықтай өскен: биылғы тоғыз айда АҚШ-тан әкелінген медикамент пен вакцина көлемі 249,3 млн долларды құрап, былтырғыдан 2,2 есе көп болды.
Қазақстандағы АҚШ капиталы бар кәсіпорындар саны да өсіп отыр — қазан айының басында олардың саны 468-ге жетіп, бір жылда 18,8%-ға артқан. Бірлескен кәсіпорындар саны да 5,6%-ға көбейген. Америкалық инвесторлар Қазақстанның IT, білім, өңдеу өнеркәсібі және сауда салаларына көбірек қызығушылық танытады.
АҚШ Қазақстанның ең ірі сауда серіктестері қатарына кірмесе де, екі ел арасындағы байланыс стратегиялық сипатқа ие. Саудамен қатар, инвестициялық және әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ гранттық және ғылыми жобалар бойынша да өзара ықпалдастық тереңдеп келеді.