2024 жылы Қазақстан халқының медиан жасы 31,9 жылды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша ел 229 мемлекеттің ішінде 109-орында тұр. Орталық Азияда Қазақстан ең «кәрі» мемлекет саналады деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Түркіменстанда бұл көрсеткіш – 31,2 жыл, Өзбекстанда – 28,9, Қырғызстанда – 28,3, Тәжікстанда – 22,8 жыл. Сарапшылар бұл айырмашылықты туу деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының артуымен байланыстырады.
Дүниежүзі бойынша халықтың орта жасы 30,9 жылды құрайды. Ең жас ел – Нигер (15,2 жас), ал ең кәрі ел – Монако (56,9 жас).
Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы 73,3 жылға жетіп, ел 151-орынға тұрақтады. Бұл көрсеткіш Өзбекстаннан төмен, бірақ Ресейден жоғары.
Әйелдер ерлерге қарағанда орта есеппен 8,9 жылға ұзақ өмір сүреді: ерлердің орташа жасы – 69, әйелдердің жасы – 77,9 жыл.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елдегі өмір сүру ұзақтығы 75,4 жылға дейін жеткен. Ең жоғары көрсеткіш Алматы мен Астанада тіркелсе, ең төменгісі – Ұлытау облысында.
Демографтар Қазақстан халқы біртіндеп қартаю кезеңіне өтіп жатқанын айтады.