2026 жылдан бастап Ресейде қосылған құн салығы (ҚҚС) 20 пайыздан 22 пайызға көтеріледі. Бұл өзгеріс елді әлемдегі ең жоғары салық мөлшерлемесі бар алғашқы ондыққа енгізеді. Мұндай деректі Гайдар институтының сарапшылары келтірді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Соңғы жеті жылда Ресейде ҚҚС мөлшері екі рет өскен. Бұл салық – елде сатылатын барлық тауар мен қызмет құнына енгізілетін негізгі төлем және федералдық бюджеттің шамамен 40 пайызын қамтамасыз етеді.
Жаңа салық мөлшерлемесі енгізілгеннен кейін Ресей салық жүктемесі бойынша Словакия мен Ирландиядан (23%), сондай-ақ Эстония мен Грекиядан кейінгі қатарға орналасады. Ал Дания, Хорватия және Швецияда бұл көрсеткіш 25 пайызға жетеді. Көрші Қытайда ҚҚС небәрі 13 пайыз, Жапонияда – 10, Біріккен Араб Әмірліктерінде – 5 пайыз.
Ресей Қаржы министрлігі бұл өзгеріс арқылы бюджетке қосымша 1,4 триллион рубль түсірмек. Сарапшылардың есебінше, жиналатын әрбір үшінші рубль соғыс шығындарына бағытталады. Бұл – Кеңес Одағы кезеңінен бергі ең жоғары деңгей деп бағаланып отыр.