Елімізде "Дарынды 1000 бала" атты республикалық эссе жазу байқауы өтті. Бәйгені "Bilim-Orkenieti" ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған.
Байқау шарты бойынша, оқушылар екі бет көлемінде эссе жазу керек. 6-11 жас аралығындағы білімгерлер "Ұстаз ұлы тұлға", "Мен болашақта кім боламын?", "Абай Құнанбайұлының туғанына 100 жыл", "Туған өлкемнің тарихы" атты тақырыптарда шығарма жазды.
Ал 12-17 жас арасындағы оқушылар ел тарихындағы танымал тұлғалардың біріне қатысты эссе арнауы керек. Оларға "Тәуелсіздік бәрінен қымбат", "Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының 115 жылдығы", "Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы", "Міржақып Дулатұлының 140 жылдығы", "Ілияс Есенберлиннің 110 жылдығы" атты тақырыптар ұсынылған.
Қатысушылардың бірі - Тараздағы екінші сынып оқушысы Батырбек Даниал. Ол сынып жетекшісімен бірге дайындалып, "Болашақта кім боламын" деген тақырыпта эссе жазды. Даниал жазбасында "жаңа нәрсе ойлап табатын, адамзатқа пайда әкелетін ғалым болғысы келетінін" айтқан.

"Адамдарға көмектесетін роботтар жасап шығарғым келеді. Қарт адамдарға үй шаруасында көмектесетін робот, мүмкіндігі шектеулі адамдарға сөйлеуге көмектесетін құрал немесе табиғи апат кезінде адамдарды құтқаратын арнайы дрон ойлап тапсам деймін. Өзімнің зертханам болса деймін. Осы арманымды орындау үшін мен күн сайын білім алып жатырмын", - деп жазады ол.
Даниял сияқты жүлделі болған дарынды балаларды 28 қазанда Астанадағы "Оқушылар сарайында" марапаттады. Оларға арнайы диплом, алғыс хат және "Үздік дарынды оқушы" деген төсбелгі берілді.