homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Қазақстандықтар криптовалютаға байланысты қылмыстардан 8 млрд теңгеден астам қаржы жоғалтқан

03.11.2025, 17:33

Соңғы екі жылда Қазақстанда криптовалюта айналымына қатысты мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Polisia.kz дерегіне сүйеніп.

Оның 60 пайызы — алаяқтық, 25 пайызы — заңсыз криптоайырбас пункттерінің қызметі, ал 15 пайызы — цифрлық активтер арқылы қылмыстық табысты заңдастыру фактілері. Азаматтар мен ұйымдарға келтірілген жалпы шығын 8 млрд теңгеден асып отыр.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, киберқылмысқа қарсы жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Қазір елде Антифрод орталығы жұмыс істейді, күмәнді интернет-ресурстар мен телефон нөмірлері бұғатталуда. Биылдың өзінде 26 мыңнан астам сайт пен 64 млн күдікті қоңырау тоқтатылды.

Таразда өткен форумда құқық қорғау органдарының өкілдері криптовалютамен байланысты қылмыстарды тергеу тәжірибесін талқылап, цифрлық іздерді анықтау мен мамандардың біліктілігін арттыру жолдарын қарастырды.