homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Жыл басынан бері заңсыз ұтыс ойындарына 40 млн теңге айыппұл салынды

03.11.2025, 17:05

Туризм және спорт министрлігіне қарасты құмар ойындар мен лотереяны реттеу комитеті әлеуметтік желілер мен интернет-платформаларда заңсыз ұтыс ойындарын анықтау бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Комитеттің мәліметінше, биыл жыл басынан бері жеке тұлғалардың шағымдары мен жоспарлы тексерістер нәтижесінде 89 адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 445-1-бабының 6-бөлігі бойынша жауапқа тартылған. Олардың бір бөлігіне айыппұл салынды, кейбір істер сот арқылы қаралуда. Жалпы салынған айыппұл көлемі шамамен 40 млн теңгені құрады.

Тексеру барысында заңсыз ұтыс ойындарын өткізген тұлғаларға ресми ескерту хаттары жолданып, офлайн және онлайн кездесулер ұйымдастырылған. Заңсыз розыгрыш жүргізген әлеуметтік желі парақшаларының тізімі министрліктің ресми сайтында жарияланған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, лотерея операторлары болып табылмайтын тұлғалардың ұтыс ойынын өткізуі жеке адамдар үшін 100 АЕК, ал шағын кәсіп иелері үшін 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі. Егер мұндай әрекет бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі тиісінше 200 және 750 АЕК-ке дейін өсіп, заңсыз табыстар тәркіленеді.