homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Екінші нарықтағы тұрғын үй бағасы тұрақтады

03.11.2025, 15:35

Қазақстанда қазан айында екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Krisha.kz сарапшыларының дерегінше, ел бойынша шаршы метрдің орташа бағасы қыркүйек деңгейінде қалды — 404,2 мың теңге.

Жыл басынан бері «екінші қол» пәтерлер 5,4%-ға қымбаттаған. Бағаның ең жоғары өсуі Қостанайда (+11,3%), Ақтауда (+8,5%) және Шымкентте (+7,3%) тіркелді. Алайда қазан айында бірқатар ірі қалаларда керісінше төмендеу байқалған. Мәселен, Ақтауда баға 2,4%-ға, Астанада 1,2%-ға, Шымкентте 1%-ға төмендеді.

Алматыда шаршы метрдің орташа құны қыркүйекпен бірдей — 767 920 теңге. Бұл — елдегі ең қымбат екінші нарық. Одан кейін Астана (540 446 теңге) мен Шымкент (463 956 теңге) тұр. Ең қолжетімді тұрғын үйлер Қызылордада (257 486 теңге) және Таразда (310 478 теңге) орналасты.

Басқа қалаларда өзгеріс айтарлықтай емес. Қостанайда, мысалы, жылдық өсім 13,1% болса да, қазанда баға тек 1,3%-ға артқан. Орал, Ақтөбе, Петропавл және Павлодарда өсім 0,5–1% шамасында. Қарағанды, Семей, Алматы және Көкшетауда баға өзгермеген не аздап төмендеді.

Бұған дейін Halyk Finance сарапшылары жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы қайта өсетінін болжады. Олардың пікірінше, бұған маусымдық белсенділік, теңгенің әлсіреуі, қосымша құн салығының өсуі және үлестік құрылысқа қатысты жаңа ережелер себеп болмақ. Ал бастапқы нарықта жаздан бері бағаның тұрақты өсімі байқалып отыр — әсіресе Алматы, Астана және Шымкентте. Сарапшылар жыл соңына дейін жаңа үйлерге сұраныс артып, оның ықпалы екінші нарыққа да әсер етуі мүмкін деп санайды.